Қазақстан Республикасының сот жүйесінде кассациялық сот өндірісі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда ерекше маңызға ие. Кассациялық саты – сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексеретін, сот тәжірибесінің бірізділігін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды құқықтық тетік.

Кассациялық соттың негізгі мақсаты – төменгі сатыдағы соттар қабылдаған сот актілерінің материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкестігін тексеру. Бұл сатыда іс бойынша дәлелдемелер қайта зерттелмейді, керісінше соттардың заңды дұрыс қолдануы мен іс жүргізу талаптарының сақталуына құқықтық баға беріледі.

Бүгінде кассациялық сот азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттыруда маңызды рөл атқарып отыр. Әсіресе, сот қателіктерін түзету, заң нормаларын біркелкі қолдануды қамтамасыз ету және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бағытында кассациялық сатының маңызы зор.

Кассациялық тәртіппен қаралатын істер Қазақстан Республикасының қолданыстағы процестік заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Кассациялық шағым беру құқығы іске қатысушы тараптарға берілген. Бұл өз кезегінде азаматтардың әділ сотқа қол жеткізу конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сот жүйесін жаңғырту аясында кассациялық сот өндірісіне бірқатар өзгерістер енгізіліп келеді. Атап айтқанда, сот төрелігінің ашықтығын арттыру, процестік мерзімдерді оңтайландыру және цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Электрондық сот кабинеті арқылы құжаттарды жолдау мен сот актілерін алу мүмкіндігі азаматтар үшін қолайлы жағдай қалыптастырды.

Кассациялық соттың қызметі – заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды кепілі. Соттардың тәуелсіздігі мен заң үстемдігі қағидаттарын сақтау арқылы кассациялық саты қоғамдағы құқықтық тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді.

Қорыта айтқанда, кассациялық сот – құқық қорғау жүйесінің ажырамас бөлігі. Оның тиімді қызметі азаматтардың құқықтарын қорғауға, сот тәжірибесін жетілдіруге және мемлекеттегі заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының

бас маман-сот отырысының хатшысы А.Муратова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!