Жер шарында адамзатты таңғалдырған, көздің жауын алатын табиғат ғажаптары аз емес. Олардың кейбірі ғасырлар бойы өзгермей тұрғандай көрінгенімен, уақыт пен климаттың әсеріне ештеңе төтеп бере алмайды. Бүгінде әлемдегі бірқатар ерекше табиғи нысан жойылу алдында тұр. Егер жағдай өзгермесе, келер ұрпақ оларды тек ескі фотосуреттер мен деректі фильмдер арқылы ғана тамашалауы мүмкін.

Айдаһар қаны орманы – табиғаттың сирек сыйы саналады. Йеменнің Сокотра аралында орналасқан бұл орман әлемдегі ерекше табиғи мекендердің бірі саналады. Мұнда тек осы аймақта ғана өсетін «Айдаһар қаны» ағаштары бар. Саңырауқұлаққа ұқсайтын алып тәжі мен діңінен бөлінетін қызыл түсті шырыны ағашқа ерекше сипат береді. Бір кездері бұл орман қалың әрі қуатты экожүйе болған. Алайда климаттың өзгеруі мен табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы салдарынан бүгінде орман жойылу шегіне жеткен. Ғалымдардың пікірінше, жағдай түзелмесе, бірнеше ғасырдан кейін бұл мекен мүлде жоғалып кетуі ықтимал.

Болашақ ұрпақ көрмеуі мүмкін табиғат ғажаптары

Аляскадағы мұзды үңгірлер жайлы естуіңіз бар ма? АҚШ-тың Аляска штатындағы Менденхолл мұздығы өзінің көгілдір мұздан түзілген ғажайып үңгірлерімен әйгілі. Табиғаттың бұл ерекше туындысы жыл сайын мыңдаған туристі тартады. Алайда жаһандық жылыну мұздықтың тағдырына үлкен қауіп төндіріп отыр. Температураның көтерілуінен мұз қабаттары жұқарып, жарыла бастаған. Кейінгі жылдары үңгірлердің едәуір бөлігі опырылып құлаған. Мамандардың айтуынша, ғасыр соңына дейін бұл мұз үңгірлерінің сақталып қалуының өзі ғажап оқиға болуы мүмкін.

Болашақ ұрпақ көрмеуі мүмкін табиғат ғажаптары

Мадагаскардағы баобабтар аллеясы – әлемдегі ең танымал табиғи көріністердің бірі. «Төңкерілген ағаштар» аталып кеткен алып баобабтар екі мың жылға дейін өмір сүріп, өз діңінде мыңдаған литр су сақтай алады. Алайда табиғаттың осындай төзімді алыптарының өзі климат өзгерісіне қарсы тұра алмайды. Ең үлкен мәселе – жас ағаштардың өте сирек өсуі. Соның салдарынан орманның жағдайы кейінгі жылдары күрт нашарлаған. Ғалымдар бұл ерекше табиғи аймақты сақтап қалу үшін түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Болашақ ұрпақ көрмеуі мүмкін табиғат ғажаптары

Танзаниядағы Килиманджаро шыңы – Африканың ең биік нүктесі. Экваторға жақын орналасқанына қарамастан, оның шыңын қар мен мұздықтар басып жатыр. Осы ерекшелігі үшін тау «Африканың төбесі» аталады. Алайда климаттың жылынуы бұл аймаққа да әсер етпей қоймады. Мамандар қардың азаюын және күн радиациясының күшеюін тіркеген. Зерттеулерге сәйкес, 1912 жылдан бері Килиманджаро шыңындағы мұз көлемі шамамен 90 пайызға қысқарған. Сарапшылар қазіргі үрдіс жалғасса, мұздықтар алдағы 15 жыл ішінде толық жойылып кетуі мүмкін екенін айтады.

Болашақ ұрпақ көрмеуі мүмкін табиғат ғажаптары

АҚШ-тағы Джошуа-Три ұлттық паркі шөлейт аймақта өсетін ерекше өсімдіктерімен танымал. Халық арасында ағаш аталғанымен, шын мәнінде олар суккуленттер қатарына жатады. Тіпті кейбірінің жасы 150 жылға дейін жетеді. 2023 жылы болған алапат өрт бұл табиғи аймаққа орасан зиян келтірді. Өрт салдарынан 1,3 миллионнан астам джошуа өсімдігі жойылған. Ең қиыны олардың табиғи жолмен қайта қалпына келуі өте баяу жүріп жатыр. Ғалымдардың болжамы бойынша, алдағы жарты ғасырда парк өз атауын берген өсімдіктерден толық айырылып қалуы мүмкін.

Болашақ ұрпақ көрмеуі мүмкін табиғат ғажаптары

Мексикадағы монарх көбелектерінің биосфералық қорығы – табиғаттың ең ғажайып құбылыстарының бірі. Жыл сайын мыңдаған көбелек Солтүстік Америка арқылы үш мың мильден астам қашықтықты ұшып өтіп, осы аймаққа қоныс аударады. Бірақ кейінгі жүз жыл ішінде олардың саны шамамен 90 пайызға азайған. Бұған жаһандық жылыну мен ормандардың жаппай кесілуі себеп болып отыр. Табиғат жанашырлары мен ғалымдар популяцияны сақтап қалу үшін күрес жүргізуде. Себебі мұндай қарқын жалғаса берсе, болашақта монарх көбелектері мүлде жойылып кетуі мүмкін.

Табиғат – адамзатқа берілген баға жетпес мұра. Алайда климаттың өзгеруі, орманның кесілуі және экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы көптеген ерекше мекеннің тағдырына қауіп төндіріп отыр. Сондықтан табиғатты қорғау тек ғалымдардың ғана емес, жалпы адамзаттың ортақ міндеті.

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!