Қазір супермаркетке кіріп, сөрелерден тауарды таңдап, бағасына қарап, темір кәрзеңкеге салу – қалыпты жағдай. Бірақ осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын сауданың заңы мүлдем басқа еді. Дүкенге келген әрбір адам сатушымен тілдесуге, әр тауардың бағасын сұрап, саудаласуға мәжбүр еді. Ал кейінгі кездері коммуникация құру міндетті емес. Бүгінгі біз білетін заманауи сауда жүйесінің пайда болуына бір адамның бойындағы ұяңдық себеп болды десем, сенесіз бе? Ол адам – Фрэнк Уинфилд Вулворт. Бұл туралы «Adme» желісінде баяндалған еді.

Оқиға 1873 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы шағын дүкендердің бірінде басталды.Фрэнк Вулворт есімді жас жігіт дүкенге көмекші болып жұмысқа тұрады. Фрэнк өте ұялшақ, тұйық әрі адамдармен тіл табысуға шорқақ болатын. Заман талабына сай, сатушы тауардың бағасын айтып қана қоймай, коммуникация құру керек еді. Бағалар тауардың үстінде жазылмай, сатушы сатып алушының түріне, киіміне қарап бағаны өзгерте алатын. Фрэнк үшін бұл нағыз азап еді.

Дүкен иесі Фрэнктің бұл мінезін көріп, одан ешқашан жақсы кәсіпкер шықпайды деп есептеді. Бірде ол Фрэнкті сынау үшін жігітті дүкенде бір күнге жалғыз қалдырады. «Егер бүгін жақсы сауда жасай алмасаң, жұмыстан кетесің» деген шарт қояды.

Жұмыстан айырылып қалудан қорыққан Фрэнк басқа амал ойлай бастайды. Ол сатып алушылармен сөйлеспеудің жолын іздеді. Сонымен, Фрэнк дүкендегі барлық тауарды сөреге тізіп шығып, әрқайсысының жанына бағасы жазылған кішкентай қағаз қойып шығады. Бұл – әлемдегі ең алғашқы баға көрсеткіштері еді. Бұдан бөлек, ол дүкеннің бұрышындағы өтпей тұрған тауарды бір үстелдің үстіне жинап, «барлығы 5 центтен» деген үлкен жазу іліп қояды.

Нәтиже күткеннен де асып түсті. Тұтынушылар сатушының көмегінсіз-ақ тауарларды ұстап көріп, бағасын өздері оқып, ешқандай саудаласусыз-ақ ақшасын төледі. Адамдар арасында да сатушымен сөйлесуден қашатын, баға сұрауға ұялатын жандар аз емес екен. Бір күннің ішінде Фрэнк дүкеннің алты күндік табысын жинайды. Дүкен иесі қайтып келгенде, бос қалған сөрелер мен толып тұрған кассаны көріп таңғалады. Артынша Фрэнк әйгілі «Woolworth» дүкендер желісін ашты.

Фрэнк Вулворттың бұл жаңалығы расымен экономикалық төңкеріс болды. Ол тұтынушыға еркіндік берді. Адамдар тауарды сатып алуға міндетті сезінбестен, оны өз қолымен ұстап көру мүмкіндігіне ие болды. Бұл заманауи супермаркеттер мен гипермаркеттердің негізгі принципіне айналды.

Бүгінде ешкімнен тауардың бағасын сұрамаймыз, тек астындағы қағазға қараймыз. Егер сол кезде Фрэнк Вулворт өте ұялшақ болмағанда, мүмкін біз әлі де сатушымен саудаласып жүрер ме едік? Вулворт кейіннен әлемдегі ең бай адамдардың біріне айналды. Ол Нью-Йорк қаласында сол замандағы ең биік ғимарат – «Вулворт билдингті» салдырды. Мұның бәрі қарапайым ұяңдық пен сол ұяңдықтан туған шешімнің арқасы. Демек, сіздің кемшілігіңіз деп есептелетін қасиетіңіз, дұрыс бағытталса, үлкен жетістіктің кілті болуы әбден мүмкін.

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!