фото: Shutterstock

Шай ішсек те, ыдысқа шырын құйылса да тәтті тоқашты қасына «ерітіп» жүретініміз рас. Онсыз дастарханның сәні кірмес. Десе де бір күн болса да тәттіден бас тарта аласыз ба?

Өзімнің де, қант қосылған тағамдарды жиі тұтынатынымды байқап, ойда жоқта тәжірибе бастап кеттім.

Әдетте тәттіден толық бас тарту туралы ой келсе де, ол ұзаққа созылмайтын. Мойындаймын. Сондықтан бұл жолы «тек бір күнге бас тартамын» деген шарт қойдым.

Таң атты, бұл уақытта барлығы жеңіл өтті. Ұйқың толық ашылмаған, асқазаның да оянбаған кез ғой, сондықтан таңертенгілік жайылған дастарханда тәтті жеуді тіпті ойға алмадым.

Ал түскі үзілісте бір қасық қантты кесеме салып жібергенімді байқамай да қалдым. Сол сәтте-ақ тәттінің қаншалықты үйреншікті әдетке айналғанын түсіндім. Бұрын ойланбай істелетін әрекет енді саналы түрде бақылауды талап етті. Осылай күннің бірінші жартысын өткердім. Бірақ сағат тілі түстен ауа бергенде тәттіге деген тәуелділік өз белгісін бере бастады. Әсіресе тамақтан кейін «бірдеңе» жегің келеді екен. Бірақ шындығында бұл аштық емес, нақты бір тәттіге деген қалау ғой. Дәл осы сәтте тәтті жеудің тек физикалық емес, психологиялық әдет екенін байқадым. Ал сыртқа шыққанда дүкен сөрелеріндегі шоколадтар көзге бірден оттай басылды. Күннің ортасына қарай ашуланшақтық пайда бола бастады. Көңіл-күйім тұрақсызданды. Кішкентай дүниеге бірден ашуланып кеттім. Кейін ойланып қарасам, бұл да тәттіден бас тартудың әсері екен. Себебі ағза үйренген затын сұрайды.

Білесіздер ме, соған қарамастан, бір қызық өзгеріс байқадым. Тәтті жемеген сайын қарапайым тағамның дәмі анық сезіле бастайды екен. Шайдың өз дәмі, жемістердің табиғи тәттілігі бұрынғыдан ерекше сезілді.

Ал кешке қарай ең қиын сәттердің бірі болды. Күннің соңында өзіңді тәтті арқылы қуантқың келеді. Сол әдетпен күресу оңай болған жоқ. Бірақ өзіңді сәл тежесең, қолыңнан келеді.

Тәттінің жай ғана тағам емес, ол күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып кеткенін түсіндім. Көңіл-күйге де, әдетке де әсер етеді. Бір күн болса да, тәтті жемеуге болады екен. Бірақ оның автоматты түрде болмайтынын ескеріп, әр сәтте саналы таңдау жасауға дағдыланған жөн.

Камилла САҒЫНДЫҚОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!