Қазір баланы жаңа заманға лайықтап тәрбиелеймін деген ата-анаға таңдау көп. Бұл – өте жақсы мүмкіндік. Қоғам «ер мен әйел тең» деген түсінікке ойысқан шақта «бала еркіндігі» деген ұғым да пайда болды. Негізінде бұл ілім жақын арада емес, сонау 1900 жылдары қалыптасқан. Біздің елде қылаң бергені осы шақ. Бүгін балаларды тәуелсіз тұлға болуға тәрбиелейтін «Монтессори әдісі» жайлы тарқата айтуды жөн көрдік.

Нан қиқымынан басталған ізденіс

Біз айтқалы отырған әдіс италиялық дәрігер Мария Монтессоридың тегімен аталады. 1870 жылы Италияда дүниеге келген оның заманында әйелдердің білім алуына қатаң тыйым салынған еді. Алайда Марияның ата-анасы ғалым әрі зиялы қауым өкілі болған соң бұл ережеге бағынбай, медицина саласында білім алды. Алғашында даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеген ол кішкентайлардың оқу қабілеті қоршаған орта мен оқыту тәсіліне қатты тәуелді екенін байқады. Монтессори жұмыс істейтін бөлме біраз ғана жиһаздан тұратын. Бір күні Мария балалардың еденге түскен нан қиқымымен қызыға ойнап жүргенін байқады. Сол сәтте ол: «Кедейлік кейбір ақыл-ой кемістігінің себебі болуы мүмкін және баланы дұрыс құрастырылған оқу материалымен тәрбиелеуге болады» деп ойлайды. Бұл көрініс Монтессоридың ғылыми ізденісіне жол ашты.

1900 жылы Мария дамуында ауытқуы бар балаларға арналған Еуропадағы оқу орнына басшылық етті. Ондағы кішкентай ем алушылар нашар сөйлейтін, сол себепті Мария саусақтардың ұсақ моторикасын дамытатын жаттығулар мен қоршаған ортаны зерттейтін арнайы құралдар дайындады. Арада көп уақыт өтпей-ақ оның тәрбиеленушілері оқу, жазу, есептеуді қатарынан бұрын үйренді. 1909 жылдан бастап М.Монтессори жүйесі енгізіліп, басқа елдің педагогтарына қолжетімді бола бастады. Бір жылдан соң «Монтессори әдісі» атты кітап жарық көрді. Сол уақытта халықаралық Монтессори ассоцасиясы ашылды орталық әлі күнге дейін аталған жұмыс істеп тұр.

Бала өзі біледі

Бұл әдіс бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар зейінін, шығармашылық және логикалық ойлау қабілетін, есте сақтауды, сөйлеуді, елестетуді, қимылды дамытады. Яғни баланы «оқы, оқы» деп күштемейді, керісінше ойын негізінде оқытып, баламен тіл табысуға басымдық береді. Тіпті бала дидактикалық материалдар мен сабақ уақытының ұзақтығын да өзі таңдайды. Олар қателіктерін өздері байқап, үлкендердің көмегінсіз түзеуге бейімделеді. Ал Монтессори бөлмесінде «барлығымен еркін айналыс, бірақ басқаларға кедергі жасама» деген басты ереже сақталады. Бір қызығы, бұл әдісте топтық сабақ жүйесі болмайды, ауыр партаның орнын жеңіл қозғалатын столдар мен отырғыштар, кілемшелер алмастырады. Монтессори ұстаз баланың өз бетімен жұмыс істеуін қадағалайды.

Бұл бағыт бойынша балаға білім дайын күйінде берілмейді. Керісінше балаға мүмкіндік ұсынып, жаңа дүниені өзі танып-білуге жол ашады. Тарихта Мария Монтессоридың «Баланың өз бетімен орындай алатын ісін оның орнына орындамаңыз» деген әйгілі сөзі бар. Әрине кез келген ата-ана қолына алған еркесі үшін бәрін жасағысы келеді. Ес білгенше өзі киіндіреді, тамағын береді, ұйықтатады. Үлкендердің міндеті саналатын тамақ жасау, киім жуу, ыдыс жуу, үй жинау, өсімдікке су құю секілді жұмысқа «кішкентай адамдар» араласқан емес. Соның нәтижесінде дайын асқа үйренген, есейе келе жауапкершілік алудан аулақ бір буын өсетіні анық. Осы тұста Монтессори аталған тірліктің бәрін балаға өзі жасауға мүмкіндік беруді насихаттады. Қоғамға балалардың өздігінен білім алуға қабілетті екенін дәлелдеуге тырысты.

Сапасы да, бағасы да қымбат

Қазір психологтар жиі айтатын «детская травма» ұғымы жақсы таныс. Дүрмекке қосылмаса да, іштей баламның қай қалауына болсын балта шауып қалмайын деген дүдәмал бар. Монтессори әдісі осы қорқыныштың алдын алатын бір таңдау тәрізді. Себебі бұл ортада баланың өз ойы, ішкі түйсігі өте маңызды. Кішкентай үйренушіге үлкендер пікірін тықпаламайды, тек сырттай қауіпсіздікті бақылайды.

BBC дерегіне сүйенсек, дүниежүзінде Монтессори әдісімен білім беретін 60 мыңнан астам мектеп бар. Жазушы Габриэль Гарсиа Маркес, әнші Тейлор Свифт, Google негізін салушылар Ларри Пейдж және Сергей Брин және атақты аспаз Джулия Чайлд сынды танымал тұлғалар аталған мектептің түлектері. Арада бір ғасыр уақыт өтсе де “Монтессори мектебінің бала өміріндегі оң немесе теріс ықпалын ғылыми тұрғыда саралау оңай емес”.

АҚШ зерттеушілері Монтессори мектебінің бірінде 5 жастағы балаларды кездейсоқ таңдап, олардың дамуын қадағалаған. Нәтижесінде балалардың сауаты, есептеуі, үлгерімі, әлеуметтік дағдылары қарапайым мектептегі балаларға қарағанда озық екені дәлелденген. Тіпті оқушылардың әңгіме айту және шығармашылық қабілеті жақсы дамығаны да байқалған.

Бұл балаларға әрекетті өз бетінше орындауға мүмкіндік беру есейе келе мәселенің шешімін тауып, қателерден қорытынды шығаруға икемді тұлға ететінін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, Монтессори білімінің басты ерекшелігі осы.

Ал әзірге бұл ілімнің бір анық кемшілігі бар. Монтессори мектептерінің көпшілігі ақылы, яғни қалталы ата-ананың балалары үшін ғана қолжетімді. Осы орайда Монтессори бағытындағы балабақшаға қызын апарып жүрген Фариза Сәкенқызының пікірін білген едік.

– Қызым кішкентай болса да «не қалайды, нені ұнатады, қандай киім кигісі келеді» деген сауалдарды жиі қойып отырамын. Бұл баламның талғамын қалыптастырады, қызығушылығын айқындайды. Сол үшін онымен үлкен адам тәрізді тілдесемін, көзқарасымыз келіспей жатса түсіндіруге тырысамын. Осы орайда Монтессори жүйесі маған үлкен көмек болды десем артық емес. Себебі балабақшада әр бала өзіне қызық көрінген, ұнайтын жұмысты ғана істейді. Монтессори бағытындағы балабақшаға барғалы қызымның зейін қою қабілеті жақсарды, ай сайын өз жасына сай жаңа дүние үйреніп, дамып келеді.

Ал Монтессори әдісі қымбат дейтін пікірге келіспеймін. Себебі сапалы дүние ешқашан арзан болмайды. Бала ̶ біздің таңдауымыз, оның өмірге келуін біз қаладық. Сондықтан заман талабына сай бәсекеге қабілетті, сапалы ұрпақ тәрбиелеу ̶ біздің міндетіміз. Балаға жақсы дүниені ұсына алу үлкен жауапкершілік, ̶ дейді Ф.Сәкенқызы.

Тарихқа зер салсақ, Монтессори үшін балалар мен әйелдердің құқығы маңызды болғанын көруге болады. Тұтас бір ілімнің негізін салған оның өмірі қолдау мен қарсылықтың арасында өткені. Мәселен Монтессоридың Махатма Гандимен жақсы қарым-қатынас орнатып, қолдау көргені айтылады. Алайда нацистер Монтессоридың балаларды оқытуда сөз бостандығына баса мән бергенін байқап, бұл жүйеге қарсы шыға бастаған. Тіпті 1934 жылы нацистер мектептің оқу бағдарламасын өзгертуге әрекеттенгенде, Мария Ита- лиядан кетіп қалады. Ол 81 жасында өмірден озғанша балалар тақырыбын жазуды, дамытуды тоқтатпады.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!