YouTube арқылы табыс табу осыдан он шақты жыл бұрын ешкімнің ойына кіріп шықпағаны анық. Әлбетте, оны жасаушылардан басқа. Соңғы 1-2 жылдың көлемінде көпшілік бұл видеоплатформаның тетігін тауып, жүйелі түрде жұмыс істей бастады. Ендеше, «Контенттен қалай ақша істеуге болады?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

Публицист, шетелдік картиналар мен видео ойындардың аудармашысы, компьютерлік ойындарды жасаушы, сондай-ақ YouTube алтын батырмасының иегері Дмитрий Пучков шетел журналистеріне YouTube контентін қалай табысты етуге болатынын айтып берді.
«Қандай жабдық қажет? Сізге тек телефон керек. Ол видеоны керемет жазады, монтаждайтын құралдары бар. Ең бастысы айтарыңыз болуы тиіс. YouTube сізге бәрін тегін ұсынады. Техника емес, ақша емес, ой керек», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, егер аудиторияға контент қызық болмаса, күн сайын миллиондаған видео түсірсең де, көмектеспейді. Жаңа контентті тұрақты және белгілі бір уақытта орналастыру маңызды. Дмитрий Пучковтың YouTube-тегі каналына ай сайын орта есеппен 15 мың адам жазылған, төрт жылда аудитория миллион адамға жетті.
Ел медианарығындағы негізгі жарнама беру құралы телевизия болғанмен, көрермендердің белгілі бір бөлігі YouTube платформасына ауысқанын да айту керек. Тіпті соңғы 8 жыл ішінде телекөрермендер саны екі есеге азайған. Ал YouTube-тің Орталық Азия мен Қазақстандағы дистрибьюторы «YouTube Genesis Qazaqstan» желісінің контент-продюсері еліміздегі YouTube қолданушылары соңғы 2 жылда жаңа көрсеткішке жеткенін айтады.
– Соңғы статистика бойынша, Қазақстанда айына 10 миллион адам кіреді, оның 70%-ы, яғни, 7 миллионы апта сайын, 6 миллион адам күн сайын кіреді. Орташа есеппен алғанда әр қолданушы шамамен 40-60 минут уақытын күнделікті YouTube-ке арнайды. Бұндай үлкен трафиктің екі себебі бар: біріншісі, адамдар мәтінді оқығанға қарағанда визуалиция арқылы, яғни, бейне арқылы көруге ауысты және теледидардың орнына YouTube-ті қолданады. Екінші себебі, Қазақстандағы 4G интернеттің жақсы жұмыс істеуі, түгелімен қамтылуы, ауыл-аймақтардың көпшілігінің интернетке қолжетімділігі, – дейді А.Салғараева.
Демек, бұл көрсеткіш жарнама нарығы біртіндеп YouTube-ке қарай ойыса беретінін көрсетіп отыр. YouTube көрерменінің 60%-дан астамы 2000 жылдардан кейін туған балалар екенін ескерсек, олардың 80%-нан астамы қазақ тілінде білім алған. Оның үстіне YouTube-ті ең көп қолданатын Батыс және Оңтүстік аймақтардағы (Орал, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы) халықтың басым көпшілігі қазақ тілді қолданушылар. Сондықтан қазақ тілді контент өсе береді. Қаралым жоғары болу үшін Қазақстанмен шектелмей, өнімді ТМД елдері көретіндей етіп жасау керек. Ал ол қиын дүние, бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Орыс тілді контент сапасы, деңгейі, мазмұны қазақ тілдіге қарағанда жоғары. Оған жету үшін біраз уақыт керек деп отыр сарапшылар.
Қорытындылай келе YouTube-тен пайда табуды көздеген азаматтарға төменде арна ашып, оны жүргізу барысының ең қарапайым кезеңдерін ұсынсақ.

  1. YouTube жүйесіне тіркеліңіз.Тіркелу тегін.
  2. Авторлық видеоларыңызды жүктеңіз. YouTube-те әркім өзінің форматы бойынша видео түсіруді бастаса болады. Қазақ тілді кеңісті кәзірге бос тұр деуге болады. Сондықтан іске кірісіңіз. Табыс – аккаунтыңызға тіркелуші, теріс немесе оң көзқарастар және көрілім санына тікелей байланысты. Өнімнің қызықты әрі ерекше болуы шарт. Контент жасақтау – маңызды қадам.
  3. YouTube-тегі парақшаңыздың монетизациялануы. Қаралым уақыты 4000 сағат пен жазылушы саны 1000 адамға жеткенде, Google компаниясына монетизацияға қосу туралы өтінім жіберу керек. Сол уақыттан бастап әрбір қаралымға ақша түсіп тұрады.
  4. Көрермен тарту. Ашылған арнаның бағытына сай өз жазылушылары­ңызды көбейтіңіз. Жазылушының көптігі мен қаралым саны да сәйкес келуі керек.
  5. Қазақстанда ішкі жарнаманың әлі төмен деңгейде екені материал барысында айтылды. Сондықтан сыртқы жарнамаларды тарту ісіне бел буа кірісіңіз. Сапалы контент сіздің барлық шығыныңызды жауып, табысқа кенелтетіні анық.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!