Құрметті оқырман!

Қазір ақпараттың екпіні тым қатты. Метаәлемнің мүмкіндіктері кеңейген уақытта оқырманның ақпаратқа деген талғамы жоғарылады. Бұл қалам қуатымен қоғамға қызмет ететін журналистер арасында бәсеке бәсін күшейтті.

Жастардың төл басылымына айналған «Ақмешіт жастары» газеті де жаңашыл қадамдарға батыл барып, өз аудиториясына адал еңбек етіп келеді.

Он жылдан аса тарихы бар газеттің өткеніне көз жүгіртсек, журналистері бармаған тақырыбы жоқ. Түрлі бағытта қалам тербеп, газеттің шынайы, жанкешті жанашыры болған.

Енді міне, жаңа бас редактор ретінде өздеріңізбен қауышу бұйырды.

Ісі бір күндік, сөзі мың күндік болатын басылымның жүгі оңай болмасы анық. Дегенмен бұл – жастық күш, ой, көзқарас, идея, жаңашылдық, өзгеріс сынды құндылықтар бір арнаға тоғысатын сәт.

«Ақмешіт жастары» газетінің мақсаты айқын, аудиториясы кең. Әр беті жастардың өзекті мәселелерін көтеріп қана қоймай, танымдық әрі шығармашылық бағыттарымен көптің көңілінен шыға білді. Жастардың тіл байлығын кеңейтіп, білімін арттыру үшін үнемі ізденісті талап ететін басылым беттерінде өңірдегі көшбасшы, іскер, кәсіпкер, жетекші, еңбекқор жастар тұрақты жарияланып келеді. Мұның барлығы – шығармашылық ұжымның оқырман алдындағы парызы һәм ізденісі.

Осыған дейін өңірдегі қаламы қарымды жас журналистердің басын біріктірген, әр жылдағы бас редакторлар Айжан Абдуллаева, Назерке Саниязова, Дастанбек Садық, Мөлдір Снадин мен Айдар Сайлауовтар газеттің өзіндік стилін дамытып, оқырманға адал қызмет етті.

Биылдан бастап облыстық газет ретінде таралып келген жастардың төл басылымы «Республикалық газет» мәртебесін алды.

Заман талабына сай түрленген басылымның электронды нұсқасы «Аqmeshit-zhastary.kz» ақпараттық агенттігі құрылды.

Бүгінде «Instagram», «Facebook», «Tik-Tok» және «Telegram» әлеуметтік желілерін оқитын оқырмандарымыз көбейді. Дегенмен бұл – тоқмейілсу емес, керісінше өзімізді қамшылауға жетелейтін себеп.

Қай кезде де «арық айтып, семіз шыққан» ұтады. Біздің де ұстаным – осы. Газеттің алдағы жоспары, оқырманына ұсынатын жаңа дүниелері аз емес.

Біз үшін қатып қалған қағида, қасаң көзқарас жоқ. Айтар ой, ашық ұсыныс болса, редакция есігі әрдайым ашық!

Жаңа идеяға толы айдарлар мен мазмұнды мақалалар, ерекше сұхбаттар оқуды қаласаңыз, бізге жазылыңыз!

Бір толқында болайық!

Абзал ЖОЛТЕРЕК

Республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!