Ақпарат және қоғамдық даму министр­лі­гінің қолдауымен «Qazaqstan» телерадио­корпорациясы ұйымдастырған «30 жыл – 30 есім» ұлттық байқауының жеңімпаз­дары анықталды. Телевизиялық жүлде Тәуелсіз­діктің 30 жылдығына орай соңғы 30 жылда әр салада жетістікке жеткен бірегей тұлғаларға табысталды.

Байқау ережесі бойынша сарапшылардан құралған арнайы комиссия іріктеуімен елдің ғылым, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт, кино, дәстүрлі өнер сияқты 10 саласында табысты еңбек етіп келе жатқан кәсіби мамандар таңдалды. Комиссия шешімімен екінші кезеңге өткен үміткерлер «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының www.qazaqstan.tv ресми сайтында жүргізілген жалпыхалықтық дауыс беруге қатысты.

Жеңімпаздар қатарында жерлесіміз Илья Ильин «Спорт саласындағы жетістіктері үшін» номинациясымен марапатталса, термеші, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жыршы Елмұра Жаңабергенова «Дәстүрлі өнердің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тақты.

«30 жыл – 30 есім» есім байқауының жеңімпаздары – халықтың таңдауы. Ұлттық арнаның ресми сайты арқылы дауыс беруге бір аптаның ішінде 962 858 қазақстандық қатысты. Ұлттық жүлде иегерлерін анықтауға атсалысқан ел тұрғындарына алғыс білдіреміз», – деді байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасында «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!