Қатпары қалың тарихтың тереңіне үңіліп, ұлы мұраны ұлықтау үрдісі үзілмегені ләзім. 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай, ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің қызметкерлері Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Ұлт рухын ұлықтаған тұлға» атты көшпелі көрменің ашылу салтанатына қатысты.

Көрмеде ұсынылған сирек жәдігерлер, тарихи құжаттар мен фотоматериалдар арқылы қайраткердің ұлттық құндылықтарды қайта түлету жолындағы қажырлы еңбегі айқын көрініс тапты. Экскурсия кезінде мамандар Өзбекәлі Жәнібековтің мәдени мұраны сақтау, тарихи ескерткіштерді жаңғырту, салт-дәстүрді дәріптеу бағытындағы бастамаларына тоқталып, оның ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.

– Қарбалас жұмыстан уақыт тығыз болып, кейде көп нәрсеге бірдей көңіл бөлу мүмкін еместей көрінеді. Бірақ, бүгін музейге келудің сәті түсіп, рухани серпіліс алдық. Әсіресе, халқын сүйген Өзбекәлі Жәнібековке қатысты мардымды ақпаратқа қанығып, әр жәдігерді қызығушылықпен тамашаладық, – дейді мекеменің режим және күзет бөлімінің бақылаушысы әділет кіші сержанты Әли Сәбит.

Иә, музейдің уақыт пен ұрпақ арасын жалғайтын алтын көпір екені даусыз.

З.Қонысжан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!