Не нәрсені де сыртқы формасына қарап бағалау қате түсінік. Егер сіз бейнелі түрде ойланатын адам, яғни визуал болсаңыз, бірден орамал тағып, ұзын көйлек киген қызды не сақалын өсірген жігітті көз алдыңызға елестетуіңіз мүмкін. Әрине, сыртқы өлшеммен алсақ, бұл исламға қайшы емес. Бірақ біз бүгінде орамал тағып жүрген қыздар мен лексиконына «МашАлла, СубханАлла» деген сөздерді қосып алып, мешіттен шықпайтын жандарды нағыз мұсылман деп айта аламыз ба? Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен сырт келбет жайлы сөз қозғасақ, Махамбеттің «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» дегені ойға оралады.

Демек, бұл сауалға объективті түрде жауап алу үшін біз мұсылманның сыртына емес, ішіне үңілуіміз керек. Кейде қатты жаңғақты шағып қалғанда іші қуыс не шіріген болып шығады. Сыртқы түрге, формаға қарап баға берсек, шатасуымыз мүмкін. Ал адам жанына үңіліп, біз оның иманын өлшей алмаймыз, әрине. Ондай құзырет пен құқық адам баласына берілмеген. Дегенмен, нағыз мұсылманның бейнесі ретінде бес парызын толық өтеп жүрген адамды айта аламыз. Яғни ол Аллаға иман келтіреді, бес уақыт намазын қаза қылмайды, оразасын ұстап, зекетін де беріп, қажылығын өтеп келген адам.

Бұл жайлы Айтбай мешітінің бас имамы Нұрлыбек Нұрпейісовтің пікірі мынадай:

– Нағыз мұсылманның бейнесін қасиетті Құранда бейнелеп айтып қойған. Ол қашанда ақиқатпен бірге жүреді, ақиқатты, әділдікті сүйеді және ізденімпаз келеді. Алланың кәләмы – Құранды оқып, соған сүйеніп өмір сүреді. Пайғамбарымыздың (с.а.с) өзі «нағыз мұсылман дегеніміз ол қолымен де, тілімен де ешбір адамға зиян келтірмейді. Сендердің ең жақсыларың – қоғамға, отбасына, ата­-анасы мен достарына, көршісіне пайдалы болған адам нағыз мұсылман.

Пайғамбардан сахабалары: «Уа, Алланың елшісі, адамның жолдасы қандай болу керек?» дегенде: «Ол сөйлегенде сенің білімің артатындай болу керек» деді. Бұдан не түсінеміз? Мұсылман адам өз саласында, өз діні, өз дәстүрі, өз тілінде білімді, сауатты болу қажет. Мұсылманды көрген кезде Алла есімізге түсу керек. Ол қандай адам десек, жүзінен нұр төгілген адам. Яғни жүрегі Аллаға берілген, Алланың әмірлері мен бұйрықтарымен өмір сүретін адам, тілі зікір мен шүкірді ұмытпайтын, қанағатты білетін, адал адамның жүзінде нұр болады. Мұсылманның үшінші сипаты оның амалдары ақыретті еске түсіреді дейді.

– Сөйлескен кезде бейнебір осы адамның қасында жүре берсем, осы адам менің досым болса, осы адам менің жан жарым болса екен, осы адаммен туыс болсақ екен, менің көршім болса ғой дейтіндей деңгейде біз өзіміздің мінезімізді көркемдейтін болсақ, бұл, міне, нағыз мұсылманның сипаты, –деді Н.Нұрсейітов.

Кейде адамның бір ғана әрекеті оның бүкіл болмысынан хабар беруі мүмкін. Нағыз мұсылманның бүгінгі қоғамдағы бейнесі, оның әрекеті мен сөзінен білінеді. Сол себепті әр іс-әрекетімізді ой елегінен өткізіп, сөзімізді сараптап сөйлеген жөн.

Адина ҰЗАҚБАЕВА