Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының жаңа басшысын таныстырды.

Театр басшысының міндетін атқарушы болып мәдениет саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар Баймырзаев Ғалым Қонақбайұлы келді.

Ғалым Баймұрзаев Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының жетекші маманы қызметінен бастап, бас маманы, бөлім басшысы, Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қалалық мәдени-демалыс паркінің директоры, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы қызметтерін атқарған.

Мәдениет саласында ұзақ жылдар еңбек еткен театр директоры, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері Әбдікәрімов Мұхит Сұлтанұлы құрметті демалысқа шықты.

Басқарма басшысы Мира Абуова театрдың жаңа басшысы Ғалым Баймұрзаевқа үлкен сенім мен жауапкершілік жүктелгенін атап өтіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай театрда рухани мәні зор тарихи қойылымдарды көрерменге ұсыну, театр ұжымының жұмысын жандандыру, шығармашылық құрамның жоғары көркемдік деңгейде жұмыс жасауын ұйымдастыруға бағытталған нақты міндеттер қойды.