Жыр арнадым бақытың тасу үшін

Сұлулардың сұлуы, асылысың.

Сүйгені бар болса да жан ағаңның

Анасынан кейінгі ғашығысың!

Ағасының түскенде еңсесі көп,

Қолдаушы періштесі теңдесі жоқ.

Тілегім, бақытты боп жүре берші,

Алланың ең сүйікті пендесі боп!

Риясыз сөзбен өлең құрадым,

Тілегімді әнге қосып тұрамын.

Қарындасым, қуанышым, гүлім-ау,

Тәңірімнен тілеуіңді сұрадым!

Бұл өмірдің байлығына алданба,

Бауыр ғана жанашырың жалғанда. 

Ата-анадан мұра болып балаға  

Бауырынан асқан байлық қалған ба?

Қарындасым, ботақаным, құлыным,

Келбетіңе жарасымды қылығың.

Алла саған ұзақ өмір сыйласын,

Сен бар кезде мен де мәңгі тірімін!

Темірлан Кеулімжай