Саналы ғұмырларын ішкі істер саласына, оның ішінде саптық бөлініске арнаған, әр жылдары патрульді полиция және жол-патрульді полиция батальондарын басқарған үш командир Құлдықов Айдарбек Әбжалиұлы, Әденов Қайрат Зиятбекұлы және Гудратов Сулейман Махмудұлын еске алуға арналған Ішкі істер органдарының зейнеткерлері арасында шағын футболдан турнир өтті. Жарысқа 6 команда қатысты. Оның ішінде патрульдік полиция, жедел қызмет, жол полиция, Байқоңыр қаласы Ішкі істер саласы, мамандандырылған күзет қызметінің және қылмыстық атқару жүйесі ардагерлерінің командалары бақ сынасты.

Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Утегенов Әміржан, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай, ішкі істер органдарының ардагерлері Қасымбек Байкенжиев, Әмірбек Шаймағамбетов , Пазылбек Нәлібаев, марқұм комбаттардың жұбайлары, ұл-қыздары мен ағайындары қатысты. 

Құлдықов Айдарбек Әбжалиұлы ішкі істер органдарында 25 жыл саптық бөліністе қызмет атқарған, қызметін 1978 жылы Қызылорда қаласы ішкі істер бөлімінің патрульді полиция ротасының қатардағы милиционерінен бастап қызметтің бар сатысынан өтіп, 1990-1997 жылдары осы ротаны басқарған, подполковник шенінде 2003 жылы зейнетке шыққан.

Әденов Қайрат Зиятбекұлы ішкі істер органдарында 32 жыл қызмет атқарған, қызметін 1986 жылы Қызылорда қаласы ішкі істер бөлімінің патрульдік полиция ротасының милиционері болып бастап, жол полиция саласында қызметін жалғастырып, Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің жол полиция басқармасының жол полиция батальонын 2006-2011 жылдары басқарған, полковник шенінде 2018 жылы құрметті демалысқа шықты.

Гудратов Сулейман Махмудұлы ішкі істер органдарында 25 жыл саптық бөліністе қызмет атқарған, қызметін 1991 жылы Қызылорда қаласы ішкі істер бөлімінің патрульді полиция ротасының қатардағы милиционерінен бастап, жылдам қимылдайтын арнайы жасақты, 2004-2009 жылдары Қызылорда қаласы ішкі істер басқармасының патрульдік полиция батальонын басқарған, подполковник шенінде 2015 жылы құрметті демалысқа шыққан.

Еске алу турнирінің қорытындысы бойынша бірінші орынды жол полиция ардагерлерінің командасы қанжығасына байласа, екінші орынды жедел қызмет саласының ардагерлер командасы, үшінші орынды Байқоңыр қаласы ПБ ардагерлері жеңіп алды. 
Үздік ойыншылар мен жеңімпаз командаларға кубок, медаль және сыйлықтар табыс етілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!