Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бүгін Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында үш тілде жарыққа шыққан «Сыр – Алаштың анасы» атты тарихи құнды кітаптың тұсауы кесілді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары, редакциялық алқа төрағасы Серік Ахмет, облыстық мәслихаттың хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Қылышбай Бисенов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыттану» ғылыми орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев және ардагерлер мен ұстаздар, қоғам белсенділері қатысты. Кітапта аймақтың ерте дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы, экономикасы, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өміріндегі қол жеткізген табыстары мен жетістіктері үш тілде әзірленген. Кіріспесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және осы кітаптың идея авторы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтауымен басталады.«Сыр – Алаштың анасы» кітабы логикалық тұрғыдан тізбектелген бірнеше бөлімдерден, яғни, облыс туралы жалпы ақпарат, облыс тарихына арналған, облыстың экономикалық әлеуеті, «Сыр елі – жыр елі», әлеуметтік салаға арналған, «Рухани жаңғыру» бөлімдерінен тұрады. Сонымен қатар, Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен аудандардағы соңы серпіліс, үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық-мәдени өмірдегі өзекті ақпараттар берілген. Кітаптың тұсаукесер рәсімін облыс әкімінің орынбасары, редакциялық алқа төрағасы Серік Әбжәліұлы Ахмет ашты. Жинақтың мазмұны мен көркемдік-идеялық ерекшелігіне кеңінен тоқталып, бұл кітап Сыр елінің Тәуелсіздікке деген тартуы болмақ деді. – Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтой аясында оқырманға жол тартқан жаңа кітаптың жарыққа шығуымен құттықтаймын. Редакциялық алқамен ойласа келе кітапты «Сыр – Алаштың анасы» деп атауымыздың үлкен символдық мәні бар. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында Сыр өзенінің бойы ұлы өркениеттердің ошағы болып қана қоймай, барша дала халқына қиналғанда пана, сүрінгенде сүйеніш болғаны тарихтан белгілі. Бұл сөз бүгінде тек облыс халқына ғана емес, барша қазақстандықтарға және алыс-жақын шетелдік қонақтарымызға да таныс деп айтсақ қателеспейміз.Ал, сыртқы мұқабасының түсін де кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Сыр топырағының түсімен үйлесім табуының өзі тарихтан тамыр тартқан туынды екенін дәлелдейді. Ал, Қорқыт ата ескерткішін бейнелеу арқылы өңіріміздің тарихы өте тереңде екенін және Сыр елінің жыр елі екенін ұғындыруды жөн санадық. Сыр елінің тарихына қаныққысы келген әрбір оқырман бұл еңбектен көп дүниені саралай алады деген ойдамын, – деді облыс әкімінің орынбасары. Келелі басқосуда облыстық мәслихаттың хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов іргелі ізденістерге құрылған жаңа кітап оқырманға олжалы сый болғалы тұрғанын қаперге салды. Ал, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Қылышбай Бисенов бұл кітап тұтас Сыр елінің даму динамикасын айшықтап беретін құнды мұраға айналатынын атап өтті. Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыттану» ғылыми орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы бұл кітаптың тың тарихи деректерге негізделіп, бұрын-сонды жарық көрмеген ақпараттармен толықтырылып шығуы үлкен ізденістен туған еңбек деп жоғары бағасын берді. Алқалы отырыста «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев кітаптың киелі жерлер географиясына негізделген тарихи орындар мен аңыз болып жеткен оқиғаларға сүйеніп жазылуының өзіндік мәні жоғары екенін мақтанышпен жеткізді. Жиында жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, қалың көпшілікке жол тартты. Жарыққа шыққан кітаптар өңірдің барлық кітапханаларына таратылатын болады. Айта кету керек, тарихи жинақ аймақтың тұрмысын, рухани-мәдени даму белестерін саралау, қазына-жауһарларымызды белсенді насихаттауға үндейді. Бұл қоғамды адамның жаңа келбетін қалыптастыруда өңірде жүзеге асып жатқан «Сыр елі» мега жобасының ажырамас бөлігінің бірі болмақ.