Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан  «Жастар жырлайды» жазба ақындар айтысының екінші жұбы – қызылордалық Динар Рахман мен аралдық ақын Бексұлтан Орынбасаровтың айтысын назарларыңызға ұсынамыз.

Динар Рахман:

Сіздерге сәлемімді жолдайын дәл,

Ақынды топқа түскен қолдайын бар.

Сәттілік серік болсын олай болса,

Қырандай қанатымды қомдайын дәл.

Уатсаппен айтыс қалай болады деп,

Санада сезіктенген сәл уайым бар.

Уатсаппен де айтысып бір көрейік,

Ассалаумағалейкум,онлайндар.

Жаратқан сапарымды оңдаса егер,

Жалынды жыр жолдары жалғаса

бер.

Бексұлтан да қарсылас боп отыр,

міне,

Айтысып, тартысуға ол да шебер.

Ассалаумағалейкум, Бексұлтаным,

Шабайық Жаратқаным қолдаса егер.

Кезегіңді берейін олай болса,

Жазатын шумақтарың бар болса

егер.

Бірлігіміз жарасып айтысайық,

Бірлігіміз таусылып қалмаса егер.

Қарсыластың бәріне тең қарадым,

Айтысып бір көрейік кел, қарағым.

Кезек-кезек тербеліп таразыдай,

Орындайық барынша ел қалауын.

Кезегіңді берейін ал, қанекей,

Қуырып шабам десең жер танабын.

Бексұлтан Орынбасаров:

Ізімен жақсылардың ат көшінің,

Жырлайын тәуелсіздік тәтті есімін.

Осыдан дәл отыз жыл бұрын ғана,

Қазағым азаттықтың қақты есігін.

Бүгін соны жырлайтын жөніміз бар,

Мерейін асқақтатып нақты осының.

“Ақмешіт жастары” жазба айтыс деп,

Ақындардың жазыпты чатқа есімін.

Ендеше “Сыр үмітін” ақтайықшы,

Арттырып жыр елінің бақ несібін.

Армысың, Сыр анасы алашымның,

Тербеткен азат елдің ақ бесігін!

Айтыста жеңіп шығу мұратым деп,

Жазады Динар деген бір ақын кеп.

Бірлігіміз таусылып қалмаса деп,

Уайымдап отырсаң дұға қыл тек.

Бірлігім мен қуатым таусылмайды,

“Мығым болса бірлігің – қуатың көп”.

Рахманның ұлымен айтысайын,

Бисмиллаһир-Рахман-рахим деп.

Шабыт қысса бойыңа сыйғансың ба,

Сөзіме Динар досым илансын да.

Жазба айтыс дегенің рақат қой,

Жазба ақындар жазудан қиналсын

ба?

Даусыңды естіп, түріңді көрмегесін,

Маңызды емес Макс па, Ивансың

ба?

Бірақ та ақыретте ар алдында,

Түсетінін білесің иман сынға.

Сүбелі сөздеріңді шұбыртасың,

Сүлейлердің сарқытын жиғансың ба?

Байқаймын жақсы жазып отырсың

ғой,

Сен өзі шыныменен Динарсың ба?

Динар Рахман:

Динардың ұлы өнермен жаны бірге,

Жауабын бере алады бәрінің де.

Сондықтан күмәнданбай айтыса бер,

Оны ойлап түспей-ақ қой әбігерге.

Бауырым, бетпе-бет кездессек те,

Еститінің осы ғой бәрібір де.

Орыс бізді отарлап жатқан кезде,

Шекарасын қазақтың әрең сыздық.

Заманның қиындығын көрсе-дағы,

Бабалар бізді кеткен Тәуелсіз қып.

Кесектей боп қаланар өлеңімді,

Қылмайын мен пішінін сәл енсіз қып.

Біз үнін естімеген бабаларым,

Қызығын көрмей кеткен Тәуелсіздік.

Талайғы тарихыңды біліп байып,

Ұғынбаса қыз бенен жігітке айып.

 Кешегі Қазақ хандық қылышынан,

Боп кеткенін білеміз Бір ұлт ғайып.

Шығарып төмендеуді жадымыздан,

Ұлы болған заманды ұмытпайық!

Арнаумен жырдан шашу гүл етемін,

Елімнің рәміздерін жыр етемін.

Береді адамзатқа жігер, қуат,

Осылай өлең-сөзді түлетемін.

Әр қазағың біледі рәміздерді,

Әнұран, Елтаңба мен Ту екенін.

Авторын білер болсаң жауап берші,

Көк туды ойлап тапқан кім екенін?

Бексұлтан Орынбасаров:

Осы ма шабытыңыз келді деген,

Бастайын ал ендеше мен бір өлең,

Авторын көк Туымның сұрадыңыз,

Тыңдашы жауабымды енді менен.

Шәкен Ниязбековты кім білмейді,

Елім деп ет жүрегі елжіреген.

Айбарын алашымның асқақ қылды,

Байрағы көк жүзінде желбіреген.

Қара өлеңім қазанда нық піскендей,

Елдің жайын тыңдайды жұрт

түстенбей.

Коронавирус деген жайлап алды,

Ала таңда алқапқа шық түскендей.

Осы дерттен құлады сан бәйтерек,

Діңіне covid деген құрт түскендей.

Билікпенен халыққа вирус жұғып,

Сондықтан арасына жік түскендей.

Тіліміз дәм, мұрнымыз иіс сезбей,

Аузымызға қалды ғой түк тістелмей.

Шет елден дәрі әкеліп емін тапты,

Министр Ішкі істер, Сыртқы істердей.

Маска тағып жүрмеймін бұдан кейін,

Қос құлақтан қиылып жіп түскендей.

Екі иықтан екі рет вакцина алып,

Боп жүрмін иығымнан жүк түскендей.

Ал, Динар, жөн болады қамданғаның,

Сен мені жеңемін деп армандадың.

Тосыннан сұрақ қойдың жауап

бердім,

Айлаңа мына сенің алданбадым.

Ендеше дұрыс болар кезек беріп,

Өзіңе өз айлаңды қолданғаным.

Шынымен мықты болсаң атап берші,

Кешегі Тәуелсіздік тарландарын.

Динар Рахман:

Жер кіндікпін бұған әлем көз салған,

Ұланғайыр жерім жатыр көз талған.

Еуропа мен Азияның ортасын,

Мекендеген ер халықпыз өр талғам.

Аттиланың ұрпағымыз – сақтармыз,

Оғыз қыпшақ қырандарға жақтармыз.

Қылша мойны талша қиылып

түскенше

Тас сандықтай құпияны сақтармыз.

Биік таудың басындағы қырандай,

Балапанды биіктікке баптармыз.

Тарихтардың түкпірінде қап кеткен,

Қазақ деген құны қымбат хаттармыз.

Таныды әлем қазақ деген елімді,

Елбасымдай дана туған ерімді.

Жөн сілтеген туралықты ту етіп,

Саясаткер кемел ойлы сенімді.

Басын қосып басқарған ер қазақтың

Сыйлаған жан баршамызға азат күн.

Кеше біздер тарихтан да білеміз,

Шырғалаңын тартқан елміз азаптың.

Егеменбіз ел тұғыры нықталған,

Ел ертеңін ойлап тұрсаң ғажап тым.

Жер жүзіне шашыраған тарыдай,

Нұрлы көшім басын қосты қазақтың.

Жас буынбыз ғажап елге талпынған,

Ұландары жадыраңқы мәз-ақ тым.

Біздер үшін, елім үшін, Жаратқан,

Масқарасын матап ұста мазақтың.

Ызғарлы айдан көңілге қайғы ап

қалдым,

Қазағым орға түспей қайғы аттадың.

Қиын-қыстау сәт болған сол

заманда,

Жей алмай кедей үзім, бай баққанын.

Ел үшін Сәбира мен Ләззаттарың,

Оң шешімге келген-ді ойлап бәрін.

Тәуелсіздік тарландары, міне,

осылар,

Кешегі Ербол менен Қайраттарым.

Құлақ салып тыңдаса жұртым мені,

Динар да осындайда іркілмеді.

Әр қала вакцина алып салып жатыр,

Аурудан жазылуы мүмкін ба еді?

Әрине сенімсіздік басып тұрад,

Қадамын басайын десе жұрт ілгері.

Ушықтырып алған бірақ өзіміз-ау,

Ағайын думандатып, дүркіндеді.

Вакцинаны бірі дұрыс, бірі бұрыс,

деп жатқан сөздері де мың түрлі еді.

Карантиннен карантин болып кетті,

Үйде отыра берген де біртүрлі еді.

Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ,

“Толқынды толқын қуды” бұл күндері.

Бар ақынның басын бірге қосқанына,

Мың алғыс ақмешіттік жастарыма.

Жеребені қайтейін бізге тартқан,

Қарсылас қылып қойған достарыма.

Бұл жолы да қарсылас болып алдың,

Әңгіменің үңілсең астарына.

Жолыма көлденеңнен тұра берсең,

Ілініп қаласың ғой жоспарыма.

Бұл айтыс та әдемі болып жатыр,

Әзілдің бармайтұғын бос жағына.

Айтыс жасап біздерді бір қуантқан,

Алғысым зор “Ақмешіт жастарына”.

Бексұлтан Орынбасаров:

Айтыс деп шақырғанда жастар кенет,

Сен сұрап отырсың ба достан көмек.

Ілініп жоспарыма қалма дейсің,

Ілінуге дұрыстау жоспар керек.

Сөздеріңді несіне созып жатсың?

Түсінсең айтыс бөлек, дастан бөлек.

Сайыстың ережесін оқыдың ба?,

Жырыңа мән-мағына астар керек.

Отыз екі тісіңнен шыққан сөзің,

Отыз екі қатардан аспау керек.

Динаржан, жырға толы алып кеудең,

Өрелі өнеріңді халық көрген.

Енді саған бір жұмбақ жасырайын,

Мен сенің жауабыңды тауып бергем.

Бір ұғымды теңейін бір адамға,

Бүгін осы айтысқа шабыт берген.

Кешегі бабаларым жанын салып,

Оны біздің Отанға алып келген.

Бүгін соның арқасы Қазақстан,

Әлемде орын алды анық төрден.

Өзің айтқан рәміздер, төл теңгеміз,

Сол жанның арқасында жарық

көрген.

Қазақы тіліміз бен дініміздің,

Шырағын жарқыратып жағып берген.

Елімнің арманы мен заңдарына,

Бағдаршамдай бағдарлы бағыт

берген.

Отыз жыл тұғырынан тайғанамай,

Астана, ЭКСПО-ны салып берген.

Отыз жылдық тойына жұрт жиылып,

Жарысты жақсылығын дәріптеумен.

Шешімін жұмбағымның тауып көрші,

Болсаң егер айтулы анық мерген.

Динар Рахман:

Талайғы қасіреттен арылтты енді,

Атанды Қазақстан көп ұлтты енді.

Отыз жыл үздіксіз ел басқарып,

Қалдырды келешекке анық белгі.

Көшіріп Ел ордасын Солтүстікке,

Бас қала Астананы салып берді.

Расында өзің айтқан ЭКСПО-да,

Ашылғанда біршама Халық көрді.

Тоқаев еңбегіне қала беріп,

Нұр-Сұлтан деген атты алып берді.

Сенің айтып отырған кейіпкерің,

Осылай Отанында  дәріптелді.

Болмысың бөлек сенің көп

сұлтаннан,

Биіктікті күтеміз тек сұңқардан.

Амандықты тілейміз бір құдайдан,

Адалдықты тілейміз Бексұлтаннан.

Рухани жағына үлес қосып,

Еліне еселі еңбек етсін қарғам.

Бұл айтыста асығым алшы түссе,

Сақтасын сені Құдай көп сылтаудан.

Алшаңдап бармасақ та ай үстіне,

Сөйледік қара өлеңнен қайыс тіле.

Ағайын осыменен қош аман бол,

Елімде той болса екен той үстіне.

Әрдайым бейбітшілік заман болсын,

Бозторғай жұмыртқалар қой үстіне.

Ұлдарың домбырасын серік қылса,

Алла деп босағаңнан еніп тұрса,

Қуаныш сол болады биылғы жыл,

Ағалар рұқсатын беріп тұрса.

Біздің мынау кішкентай айтысымыз,

Пенденің көкейіне соны ұқтырса.

Құдайдан тілейтұғын тілегім сол,

Бас аман, бауыр бүтін жолықтырса!

Бексұлтан Орынбасаров:

Динар, сен жігітсің ғой шын дарынды,

Құдайым мұқалтпасын тіл-жағыңды.

Сауалымның жауабын Елбасы деп,

Сөздеріңді арнадың тым жағымды.

Әй, бірақ та жауабың дұрыс емес,

Байқамадың жасырып тұрғанымды.

“Бір ұғымды теңейін бір адамға”,

Мен осылай бастадым жұмбағымды.

«Отыз жылдық тойы» – деп аяғында,

Сезбедің бе бір көмек қылғанымды?

Шешімі бұл жұмбақтың Тәуелсіздік,

Отыз жыл еселеткен шын бағымды.

Ағайын енді қалай бағалайсың?

Анық сөзді айта алмай тұрған ұлды.

Жайым бар сынасқанды сынап алар,

Динар да осал емес сына қалар.

“Ақмешіт жастарына” үлкен алғыс,

Осы игі шарамен ұнады олар.

Сыр үміті ақтап жүр үмітіңді,

Оларға да өлеңнен сыбаға бар,

Осындай айтыс жасап іріктесе,

Кіл мықтыдан шын мықты шыға

қалар,

Әйтпесе екінің бірі ақын болып,

Көбейді Қуат сынды дүбәралар.

Отқанда өлеңімді жиі құрап,

 Уақытта өтіп барад(ы) иіріп ап.

Ендеше, Динар досым, қош аман

бол,

Жырыңа жұртың тұрсын сүйініп-ақ.

Еркіндіктен асатын енші барма?

Әрине бұл Құдайдың сыйы бірақ.

Азаттық бізге қиын жолмен келді,

Сақтап қалу одан да қиынырақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!