Қызылорда қаласында белгілі журналист, небәрі 24 жасында тікұшақ апатынан қаза тапқан Сахитжан Бермағанбетовке көше атауы берілді.
Сахитжан Бермағанбетов 1982 жылы Арал ауданы Қарақұм ауылында дүниеге келген. Теле-журналист Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген.
Студент кезінен бастап қалалық «Қоғам ТВ» телеарнасында редактор, хабарлардың авторы мен жүргізушісі, «Қазақстан Қызылорда» телеарнасында редактор қызметін атқарып, осы арнаның «Түйін» ақпаратты сараптау бағдарламасын жүргізді.
2007 жылы облыс әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі болды. Жас та болса өзінің өткір тілімен, батылдығымен ұшқыр ойлы журналист екенін көрсете білген Сахитжан Бермағанбетов халықтың сүйікті ұлына айналды.
Ол бірнеше рет облыстық, республикалық деңгейдегі телебайқаулардың жеңімпазы болды. Журналист 2008 жылы тікұшақ апатынан қаза тапты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!