Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты оқушылар 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсанын қашықтан оқыды. Қысқа уақытта енгізілген әдіске ұстаздар да, ата-ана да, оқушы да дайын болмады. Оқу процесі барысында мұғалімдер тарапынан да біршама қателік жіберілді. Мұны ескерген Білім және Ғылым министрлігі жаңа оқу жылына сақадай сай боламыз деп уәде етті. Оған білім басқармасы, мектеп әкімшіліктері, әдістемелік бірлестік жетекшілері, ұстаздар барынша дайындалып, бірнеше платформаларды тәжірибеден өткізді. Атап айтар болсақ, «Bilimland.kz», «Kundelik.kz, «Daryn.online» сынды платформалар бұрыннан таныс. Ал Google Classroom, Zoom, Skype, Moodle, Opiq.kz, ClassDojo жаңа платформалармен қашықтан білім алу барысында таныстық. Ал бұл палтформалар тиімді ме, кибершабуылдан қаншалықты қорғалған деген мәселе көпшілікті алаңдатады.


Елімізде OnlineMektep платформасы – қашықтан оқытуға арналған негізгі құрал. Онда 42 пəн бойынша 5700 сабақ, 140 000-нан аса тапсырма оқу бағдарламаларына сəйкес жасалған. Əр сабақ конспекттен, бейнетүсіндіруден, бастауыш сынып оқушылары үшін 9 тапсырмадан, жоғары сынып оқушылары үшін 18 тапсырмадан тұрады. Сабақтарды Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік ұстаздары əзірлеген.

– Төтенше жағдай кезінде қашықтан оқыту барысында болған барлық кемшіліктерді ескере отырып, жаңа оқу жылында дəстүрлі мектепті онлайн форматта əзірлеп, жаңа функционалдар қосылған OnlineMektep платформасы іске қосылды. Оқушылар мен ұстаздар мектеп бағдарламасын үйден шықпай-ақ толықтай меңгере алады. Жаңа тақырыпты жақсы меңгеру үшін оқушылар анимациялық видеолар мен виртуалды зертханаларды пайдаланады. Мектеп басшылығы үшін білім беру процесін басқару келесі мүмкіндіктермен толықты: сыныптарды құру, сабақ кестесін жасау, оқу үлгерімі бойынша мониторингті бақылау. Оқушылар мұғаліммен ортақ сыныптық жəне жеке чат арқылы байланыса алады. Android жəне iOS жүйесінде жұмыс істейтін OnlineMektep қосымшасы қосылды. Платформаға қашықтан оқитын 4500 мектептің 3650 мектебі Online Mektep платформасына қосылған. Осы уақыт аралығында еліміздің ұстаздары мен оқушылары 20 601 060 сабақ өтіп, 164 790 151 жаттығу орындады, – деді Bilim Media Group компаниясының қоғаммен байланыс маманы Ақжан Тамай.

Жалпы OnlineMektep платформасының тиімділігін ұстаздар да, ата-аналар да мойындады. Көпшілік көңілінен шыққан платформаның артықшылығы көп дейді №233 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Ергешқызы.

– Әрбір мектеп сабақ өткізу процесінде қандай платформаны қолданатынын өзі таңдайды. Біріншіден, – Kundelik.kz. Оқушылар мен ата-аналардың басым көпшілігі бұл жүйені жақсы біледі. Екінші платформа – Bilimland.kz. Үшіншісі – Daryn.online және басқа жүйелер. Біз Bilimland.kz платформасын қолданамыз. Бірақ бұл платформа – онлайн-оқуды ұйымдастыруға арналмаған. Оларда дайын бейнесабақтар, мультимедиялық ресурстар бар. Аталған интернет-платформалар барлық ғылымдар мен пәндер бойынша қажетті білім алуға мүмкіндік береді. Қажетті тест тапсырып, бағалауға болады. Үй тапсырмасын орындау барысында оқушы қателессе, қайта ойлануына мүмкіндік береді. Сонысымен ерекшеленеді. Кейде күрделі тақырыптарды қосымша Zoom бағдарламасы арқылы түсіндереміз. Аталған бағдарламада балалар топтасып не үйренгенін, қаншалықты сабақты меңгергенін айтады. Бірақ бұл платформа 40 минуттан соң ақылы қызмет көрсетеді. Сондықтан тиімсіз. Оқушыларға қосымша тапсырма беріп, WhatsApp, Telegram арқылы да жұмыс істейміз.

Bilimland.kz платформасы көптің көңілінен шыққанымен, хакерлік шабуылға төтеп бере алмады. 15 қыркүйекте OnlineMektep.org платформасына хакерлік шабуыл жасалды. Салдарынан платформа дұрыс жұмыс істемеді. Бұл жағдай Қазақстандағы барлық сыртқы трафиктер жабылғанға дейін жалғасты. Бұл шабуылдың өзге шабуылға қарағанда басты айырмашылығы – ботнет тарапынан жүзеге асты. Ботнет – бұл бүкіл әлем бойынша ғаламторға біріктірілген құрылғылардың алып желісі. Олар бұйрық бойынша кез келген уақытта ғаламтордағы кез келген ресурсқа немесе платформаға біріктірілген шабуыл жасай алады. Мұндай жағдайға төтеп беру сала мамандарына қиындық туғызған. Мәселен, шабуыл әлемдегі жүз мыңдаған ақпарат көзінен алынып, әрбір заңсыз қолданушы бот заңды қолданушыға ұқсайды. Сондықтан мұндай шабуылдан әдеттегі әдістерді қолдана отырып қорғану мүмкін емес дейді мамандар.

– Ірі IT-компаниялар үшін хакерлік шабуыл қалыпты жағдайға айналды. Соның ішінде білім саласына арналған платформаға тоқталар болсақ, компанияның техникалық мамандары платформаның серверлік қуатын күшейтіп, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен біріге шабуылдарды тоқтатуға бар күшін салды. Шабуылдың шет елден келгені анықталғаннан кейін, сырттан келетін трафикті уақытша өшіруге мәжбүр болдық. Бұрын-соңды отандық платформалар арасында мұндай жойқын шабуыл болмағанын ескерер болсақ, біздің жағдайда мәселе тез арада өз шешімін тауып, платформа жұмысын ары қарай бірқалыпты жалғастырды деп айта аламыз. Сонымен қатар келтірілген қолайсыздықтарға қарамастан, мамандар қолданушылармен кері байланыс жасау негізінде сайтта күн сайын көптеген жаңарту енгізді. Осы орайда шетелдегі қолданушылар үшін арнайы onlinemektep.net домені арқылы кіріп, сайттың барлық мүмкіндігін қолжетімді етті. АҚШ және Европа елдерінде білім беру платформалары жеткілікті. Бұл жерде нақты бір ғана платформаны қайталау емес, сондай компаниялардың іске асырған жобалары мен жұмыс жасау жүйесін зерттей отырып, қазақ тілінде сапалы контент әзірлеу мақсатында, қолжетімді және сапалы отандық платформаны әзірлеуге тырыстық. Қазір шетелдік бірнеше ірі және беделді ұйымдарымен келісімшартқа отырып, әрі қарай бірнеше жоспарларды жүзеге асыруды мақсат еттік. Жалпы хакерлердің білім платформасына не себепті шабуыл жасағанына нақты жауап бере алмаймыз. Шабуылды кім және қандай мақсатпен жасағанын қазір арнайы мемлекеттік органдар тексеру үстінде. Бірақ TransTeleCom және ҚР ҰҚК МТК-мен бірлескен жедел жұмыстың арқасында шабуыл тоқтатылды, – деді Bilim Media Group компаниясының өкілі Қанат Мырзаханов.

Мұндай келеңсіз оқиғалардың басты себебі– мұғалімдер оқушыларға логин мен құпиясөзді жалпы тізіммен жіберіп, құпиясөздерді жария етіп қойғанынан болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайды болдырмас үшін сынып жетекшілер аккаунттары бұзылған оқушылардың құпиясөзін ауыстырып, жаңасын жіберуге міндетті.

– OnlineMektep – Bilimland.kz білім беру порталындағы жаңа сервис. Бұл сервисті Bilim Media Group компаниясының мамандары және Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Білім беру бағдарламалары орталығының жетекші әдіскерлері жасап шығарды. Мұғалім өз аккаунты арқылы жаңа оқушыны тіркей алады және жаңа сыныпты қоса алады. Платформаға кіру үшін https://onlinemektep.org/ сілтемесі арқылы жүзеге асады. Кестедегі сабақты таңдап, алдымен сабаққа шолу, яғни, сабақ мазмұнымен және мақсатымен танысу қажет. Кейін «Алға» батырмасын басып, теориялық бөлімге көшеді. Теориялық бөлімде бейнетүсіндірме, конспект немесе өзге материалдар болуы мүмкін. Теориялық бөліммен танысқаннан кейін оқушыға әртүрлі деңгейдегі жаттығулар беріледі. Оқушы қате жауап берсе, қатемен жұмыс жасауға мүмкіндік бар. Барлық тапсырма орындалғаннан кейін әрбір бөлімнің нәтижесін, ал оң жақтағы «Сабақ қорытындысы» бөлімінде алған бағаны көруге болады. BilimLand жаңа оқу жылында платформаға Zoom баламасын қосты. Енді мұғалім сабақ кестесінен сабақты таңдап, «Видеоконференция» батырмасын басу арқылы бір уақытта 45 адамға синхронды сабақ өткізе алады. Ол жерде сабақты өту уақытын көрсету керек. «Құру» батырмасын басқан соң шақыру сілтемесі шығады немесе «Видеоконференция» бөлімінде «Сабақты бастау» батырмасын басып, «Чат ашу» батырмасы арқылы оқушылармен жеке байланыса алатынымен тиімді, – дейді облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлжахан Ізбасарова.

– OnlineMektep платформасын қолдану үшін интернеттің жылдамдығы жоғары болу керек. Біз қаланың сол жағалауында тұрамыз. Ондағы интернет жылдамдығы өте төмен. Бұл мәселе тұрғындарға белгілі. Қанша шағымдансақ та, мәселе шешімін таппай келеді. Интернет жылдамдығы қай кезде , сол уақытта сабақ оқимыз. Кейде түнде немесе таңертен ерте тұруға мәжбүрміз. Қалада тұратын біздің жағдай осындай болса, шет ауылда тұратындардың жағдайы бұдан бетер шығар, – дейді ата-ана Дәулет Дүйсенев.

Қашықтан оқитындар үшін БҒМ және ИИДМ «Білім» тарифін іске қосты. Оған шексіз қоңыраулар, білім беру ресурстарына соның ішінде onlinemektep.org, bilimland.kz, itest.kz, imektep.kz және twig-bilim.kz шексіз қолжетімділік және 1 ГБ интернет-трафик кіреді. Тариф барлық ұялы байланыс операторларына енгізілген. Айына 990 теңге төлейтінімен тиімді. Бірақ көп ата-ана мұндай жеңілдіктің барын біле бермейді.

ZOOM НЕГЕ ТИІМСІЗ?

Zoom Video компаниясын 2011 жылы Эрик Юань құрған. Аталған сервис 2013 жылы іске қосылып, 10 млн-ға жуық тұтынушы қолданса, карантин басталғаннан бері платформаны пайдаланушылар саны 200 млн-нан асқан. Бағдарламаның тегін нұсқасы 40 минутқа дейін созылады. Конференцияға бір мезетте 100 адамға дейін қатыса алады. Zoom-ға компьютерден де, смартфоннан да қосыла аласыз. Қоңырау шалуға, хат жазуға және конференция барысында қатысушыларға хабарлама жазуға да болады. Жуырда Check Point израилдік киберқауіпсіздік компаниясы Zoom-дағы әңгімелерді тыңдауға және осындай парольмен қорғалмаған конференциялар кезінде таратылған барлық файлдарды алуға болатын кемшілігін анықтады. Хакерлер Zoom-дағы конференцияларды бұзу үшін түрлі порнографиялық бейнероликтер жібереді. Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарында хакерлер нәсілшіл және жай ғана қорлайтын хабарламалар жіберіп, конференциялардың берекесін кетіргені жайлы айтылды. Алайда БАҚ-тың хабарлауынша, хакерлер компьютерлер мен телефондардағы жеке ақпаратқа қол жеткізе алмайтынын айтып, даудың басын қайтарған болатын. Бұл мәселе біздің елді де айналып өтпеді. Жуырда сабақ процесі барысында мұндай жағдай орын алғаны бәрімізге мәлім. Осы тұста мұндай келеңсіз әрекетке бару кімге керек болғаны әзірге беймәлім.

– Қызым «Zoom» бағдарламасы арқылы қосыша сабаққа қатысады. Мұғалім конференцияда әрі кеткенде 6 қатысушы болу керегін айтады. Егер олардың саны көп болса, бағдарлама ашылмай қалады екен. Біз сынап көру үшін ата-аналар боп, бір конференцияға кіріп көрмек болдық. 16 адам едік, мен кіре алмадым. Шақыртуда көрсетілген сілтемені басқыныммен құпиясөзді қабылдамады. Одан қалды оқушылар үй тапсырмасын бұрынғы әдетпен дәптерге жазады. Жасаған жұмысын суретке түсіреді де, электронды пошта немесе whats app арқылы жібереміз. Кейде мұғалім сабақты кеңінен түсіндіру үшін you tobe каналы арқылы бейне сабақтарды жібереді. Бірақ көрген құрлы жарнамадан көз ашпаймыз. Бұл да сабақты тереңнен ұғынуға кедергі келтіреді, – дейді ата-ана Күлайша Матаева

Жалпы мұндай жарнаманың көптеп берілуінің себебін де сараладық.

Zoom-ның бірқатар кемшіліктері айқындалды және тегін бейнебайла-ныс уақыты 40 минуттан аспайды, одан ұзағырақ дәріс өткізу үшін Zoom платформасының ақылы қызмет түріне жүгінуге тура келеді айына 15 доллар. Сондықтан мектепте оқитындардың барлығы Bilimland.kz платформасының тиімділігін мойындады. Ал жоғары оқу орнында оқитындар Zoom-мен емес, Microsoft Teams платформасын пайдалануды жөн санайды.

– Елімізде жаңа оқу жылында қауіпсіз және оңтайлы оқыту платформасына көшу қажет болды. Карантин кезеңінде көптеген компания мен кәсіпкер өз қызметтерін бейнебайланыс арқылы қалай ұсынуға болатынын анықтады. Мысалы, дәрігерлер, заңгерлер, мұғалімдер, рекрутерлер және тіпті фитнес жаттықтырушылар да қадамдар жасап көрді. Осы бейнесабақ ұйымдастыру үшін Майкрософт өзінің екі қызметін біріктірді, бұл – командалар мен броньдау. Сіз командалар туралы бұрыннан білетін шығарсыз, бұл бейнеконференциялар ұйымдастыруға арналған топтық чат. Ал броньдау – Microsoft 365 кеңсе жиынтығында қолжетімді онлайн-броньдау жиналыстар мен видеокездесулерді алдын ала жоспарлау үшін жасалған бағдарлама. Майкрософт компаниясы өз тұтынушыларымен онлайн кездесулердің күнтізбесін жүргізіп, жаңа сұраныстарды қабылдайды және растайды. Бейнедәріс үшін оқытушы алдын ала күнтізбеге дәріс мерзімін белгілеп, студенттерге сілтеме жібереді. Microsoft Teams дәріске қатысушылардың барлығын фонға шығара алады. Жақында Microsoft корпорациясы Microsoft Teams аудиториясының күніне 13 млн қолданушыға жететінін мәлімдеді, – дейді Болашақ университеті жанындағы жоғары колледжі директорының орынбасары Олжас Ермұхаммедұлы.

Еліміздегі мектептердің 90 пайызы Назарбаев Зияткерлік мектебінің əдіскерлері жəне педагогтері əзірлеген 5 700-ге жуық видео сабағы мен интерактивті 100 000-нан астам жаттығудан құралған қашықтан оқытуға арналған Online Mektep білім беру платформасын пайдаланады. Ал Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушылары Microsoft Teams бағдарламасын қолданады екен.

– Бізде мектепте қашықтықтан оқытуда MS Teams бағдарламасы қолданылады. Бұл бағдарламаны жеке және корпоративті пайдалануға болады. Мектепте әр мұғалімге және әр оқушыға жеке логин пароль берілген, сол бойынша кіріп, бір-бірімізбен байланысамыз. Бағдарламаның артықшылығы – әр қолданушы жеке топ аша алады, мұғалімдер өзіміз сабақ беретін сыныпқа команда ашып қойғанбыз. Команданың ішінде өзара пікір алмасуға, видеоқоңырау шалуға, экранды демонстрация, трансляция жасауға, оқушыларға тапсырма беруге, ортақ папка ашып бір уақытта өзгертуге, сол сияқты тест құрастырып, оқушылардың жетістігін көруге мүмкіндік бар. Оқушыларға сабақ түсіндіру кезінде осы бағдарламаның ішінде One Note қосымшасын пайдаланамыз. Оның артықшылығы, барлығы бір уақытта экранға жаза алады және оқушыларға материалдарды слайд түрінде көрсетіп, орындалған үй жұмысына осы қосымша арқылы пікір жазамыз. Тестті де осы бағдарламаның ішіндегі MS Forms қосымшасында жасаймыз: Мұнда математикалық формулаларды енгізу және сурет енгізу мүмкіндігі де қарастырылған және тест нәтижесін сырттай бақылай аламыз. Сол сияқты өзіміз өткен сабақтарды осы бағдарламаның ішінде видео түрінде сақтаймыз, сабаққа қосыла алмай қалған оқушылар кейін видеосын қарап түсініп алады және осы видеоларды бір жерге жинақтап, MS Stream қосымшасы арқылы youtube канал сияқты жалпыға ортақ канал етіп ашуға болады. Бағдарлама ішінде Kahoot, Quizizz, Surveymonkey сынды қажетті онлайн платформаларды байланыстыруға болады. Жалпы қашықтан оқытуды бұл бағдарламасыз елестете алмаймын, мұнда біз мұғалімдер бірлесе жоспарлауды да, қосымша жиналыстарды да, сол сияқты оқушыларға арналған элективті курстар мен үйірмелерді жүргіземіз. Жалпы әр бағдарламаның өзінің бағыты болады. Біз көбіне сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдеріміз дәстүрлі болып кетпес үшін қосымша жаңа бағдарламалар мен онлайн-платформаларды пайдалануды жөн санадық. Мысалы, сабақ түсіндіру кезінде графикалық планшеттің көмегін пайдалану үшін PDF Annotator, Class Notebook бағдарламаларын қолданамыз. Ал оқушылардың өзін-өзі бағалауын ұйымдастыру үшін Ispring Suite бағдарламасын және https://formdesigner.ru/, https://onlinetestpad.com/, https://learningapps.org/ сайттарын пайдаланамыз, – деді Мұхтар Талғатұлы, Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің, математика пәнінің мұғалімі.

«Еліміздегі мектептердің 90 пайызы Назарбаев Зияткерлік мектебінің əдіскерлері жəне педагогтері əзірлеген 5 700-ге жуық видео сабағы мен интерактивті 100 000-нан астам жаттығудан құралған қашықтан оқытуға арналған Online Mektep білім беру платформасын пайдаланады».

Байқағанымыздай, әр мектеп қай платформамен білім алғысы келсе, өз еркі. Бастысы, сабақ беруде қолданылатын әдіс-тәсіл оқушының сабақты толық меңгеруіне кедергі келтірмесе болғаны. Ал өскелең ұрпаққа білім беретін платформалардың кибершабуылға ұшырауы алдағы уақытта қайталанбайды дейді мамандар.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!