Өткен жыл спорт бәсекесінде жеңісті кезеңге толы болды. Ел намысын қорғаған саңлақтар байрақты бәсекелерде топ жарып, қоржынға жүлде салды. Биыл да нәтиже қайталанарына сенім мол. Себебі, 2023 жылы әлем көз тіккен ғаламдық жарыстар жалғасын таппақ.

Көк туымыз көтерілер үмітті доданың бірі – бокстан Азия біріншілігі. Қаңтар айының соңында қорытынды­ланатын додада 22 жасқа дейінгі боксшылар бақ сынап, Тайланд елінде оң нәтиже көрсетуге талпынбақ. Әсіресе, Санжар Тәшкенбай, Нұрсұлтан Алтынбек, Ерхат Бекзат, Жасмин Қизатова, Гүлсая Ержан секілді таланттар аталған жарысқа тыңғылықты дайындалғанын бұған дейін де көрсеткен болатын. Сондықтан жанкүйерлердің жастардан күтері көп. Оған қоса 1-14 мамырда Өзбекстанда бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты басталады.
Елімізде соңғы жылдары танымал болған теннис додалары да көрерменді сүйсінтпек. Жыл басында «Үлкен дулыға» санатындағы «Аустралия оупен» додасы ұйымдастырылып, құраманың сынға түсер сәтіне айналмақ. Оған ел атынан Елена Рыбакина, Александр Бублик, Юлия Путинцева бастаған теннисшілер қатысуда. Сондай-ақ тенниссүйер көпшілік ақпан айында да тартысты бәсеке көреді. Себебі отандық спортшылар әлем чемпионатының финалына берілетін жолдама үшін сынға түседі. Ал сәуірде теннистен әйелдер құрамасының алдында жауапты кездесу бар. Олар 14-15 сәуірде Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Польша құрамасымен кездеседі. Төрт жекелей және бір жұп кездесуден тұратын алғашқы кезең елімізде өтеді. Жеңіске жеткен құрама финалға жолдама алатыны тағы бар. Айта кетерлігі, 4-5 ақпан күндері Чилиде теннистен ерлер құрамасы жергілікті спортшыларымен жолығады.
Футбол маусымының қызар тұсы – көктем айлары. Олай дейтініміз, ел ішіндегі біріншіліктен бөлек, ұлттық құраманы Еуро-2024 іріктеу кезеңі күтіп тұр. Футболшылар наурыз айында Словения мен Данияға қарсы кездесу өткізеді. Мұнан бөлек, мамыр айын футболдан Еуропа лигасының финалы түйіндейді.
Одан бөлек, 2-5 наурызда Нидерландта конькимен жүгіру спортынан әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Мәнерлеп сырғанаушылар болса, Жапонияның Сайтама қаласындағы додада бақ сынайды. Ал дзюдошылар Дохада 7-14 мамыр күндері әлем біріншілігінің медалін сарапқа салады. Шайбалы хоккейден Тампере мен Ригада өтетін дода 12-28 мамырға бекітілген. Ал «Астана» велокомандасын «Джиро д’Италия» көпкүндігі күтсе, теннисшілер «Ролан Гарросқа» аттанады.

Жаздағы дода жайы
Жаздың тымық кешін 10 маусым күні өтетін Чемпиондар лигасының финалы әспеттей түспек. Оған қоса ел құрамасы Еуро-2024 турнирі аясында Сан-Марино мен Солтүстік Ирландия құрамасымен матч өткізеді. Прагадағы Конференция лигасы финалы мен Ұлттар лигасы ширек финалын да естен шығармаған абзал.
Ізін жалғай шілдеде Еурододаның іріктеу матчтары басталады. Тарқатып айтсақ, Конференция лигасы мен Чемпиондар лигасына іріктеу ойындары ұйымдастырылады. Одан бөлек, «Астана» велокомандасы «Тур де Франс» көпкүндігіне қатысады. 3-16 шілде күндері теннистен әйгілі «Уимблдон» турнирінің жалауы желбірейді. Сондай-ақ шілде айының соңында су спорты түрлері мен садақ атудан әлем чемпионаты жоспарда тұр.
Ал 19-27 тамызда Будапеште жеңіл атлетикадан әлем біріншілігі басталады. Одан басқа 23-27 тамызда Испания төрінде көркем гимнастикадан чемпионат өтеді. Көптен күткен баскетболдан әлем кубогы 25 тамыз бен 10 қыркүйекте Индонезия, Жапония мен Филлипинде өтеді. 28 тамыз – 10 қыркүйекте теннисшілер «Үлкен дулыға» санатындағы US Open турниріне қаты­сады.
Қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында Азия ойындарының жалауы желбірейді. Бұл жолы дода 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығына жоспарланған. Айта кетерлігі, жауапты бәсекеде алдағы Олимпиаданың көлеңкесі түседі. Сондықтан жанкүйерлер жарысты жібермей тамашалағаны абзал. Сонымен қатар велоспорттан 21 кезеңнен тұратын «Испания Вуэльтасы» басталады. Оған қоса, қыркүйекте Белградта күрес түрлері мен ескек есуден, Эр-Риядта ауыр атлетикадан әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Ең бастысы, аталған айда ұлттық құрама Еуро – 2024 іріктеу кезеңі аясында жауапты екі кездесу өткізеді. 7 қыркүйектегі Финляндияға, 10 қыркүйектегі Солтүстік Ирландияға қарсы матч елімізде өтетінін есте ұстаған жөн.
Көп өтпей Адиев бастаған жігіттер 15 қазанда Даниямен, 18 қазанда Финляндиямен жолығады.Ал қараша айында Билли Джин Кинг және Дэвис кубогының финалы өтеді. Егер ерлер және әйелдер құрамасы іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетсе, финалға шығуы мүмкін. Мысалы, Шотландияда әйелдер арасындағы финал ойыны 8-13 қарашада, 22-26 қарашада ерлер арасындағы ақтық сын өтеді. Сонымен қатар ұлттық құрама 17 қарашада Сан-Марино құрамасымен кездессе, 21 қарашада сырт алаңда Сло-вениямен жолығады. Осылайша, Еуро – 2024 турниріне іріктеу аяқталады. Қазақстан құрамасы көрсеткен нәтижені турнирлік кесте арқылы бақылай аламыз.

P.S. Міне, жыл бойы күтер тартысты бәсекенің уақыт-бедері осыған саяды. Жарыс көп, дода жетерлік. Тек қазақстандық спортшылардың дайындығы талапқа сай, бәсеке әділ болса, жеңісті күн алыс емес.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!