Көгалды хоккейден Сырдария ауданының бәсі биік. Алақандай ауданнан Азия кубогі мен Ресей жоғары тобының жеңімпаздары шықты. Аталған спорт түрінен 100-ден аса спорт шебері бар. Бұл жетістік білікті бапкер Сұлтан Қобыландинның еселі еңбегінің арқасында. Тереңөзекке допты хоккей бірден келе қойған жоқ. Алдымен ауылдан алшақтап,  кеңестік кезеңде шебер ойыншы атанған Сұлтан Қобыландинның жетістігі кенже қалған спортқа дем бітірді. Ендеше білікті жаттықтырушының  спорттық ғұмырын оқырманға ұсынғанды жөн санадық.

Сұлтан Қобыландин 1959 жылы 9 мамырда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Бозбала шағынан спортқа қызығушылық танытады. Атағы әлемді шарпыған Эдуард Айрих Сұлтан Қобыландинның көгалдағы өнеріне тәнті болып, жоғары баға берген. 1982 жылы Сұлтан үшін күтпеген жағдай орын алады. Мектепті аяқтап, Тәжікстанға бағыт алады. Душанбе Дене шынықтыру институтының жеңіл атлетика факультетіне оқуға түсіп, студент атанады. Шымыр бала Душанбеде құр жүрмей «Вахш» көгалды хоккей клубына қабылданып, қорғаушы болады. «Вахшпен» Тәжікстанның 4 дүркін жеңімпазы атанып, допты хоккейдегі шеберлігі шыңдала түседі. 1982 жылы Сұлтанның есімі КСРО-ға тарайды. Өзбекстанның Самарқанд қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүрген Сұлтан Қобыландинге атақты Эдуард Айрих келеді. Дүние жүзіндегі мықты маман Сұлтанның алдына келгенде спортшы өз-өзіне сенбеді.

Хош, сонымен 1982 жылдың маусым айында Сұлтан Ибрагимұлы дабысы алысқа кеткен «Динамоға» қосылды. Бұл кезде «Динамо» Совет Одағының 8 дүркін жеңімпазы, әрі Еуропадағы жалы күдірейген азулының бірі еді. Екі айдай ізбасарлар командасында жаттыққан Сұлтанды Айрих негізгі құрамға қосты. Саян Шаймерденов, Мұрат Жексенбеков, Фарид Зигангиров, Минетулла Азизов, Александр Гончаров, Серік Қалымбаев, Михаил Ничепуренко, Марсел Киікбаев, Марат Мангубаев секілді саңлақтармен жаттығу Сұлтанды ширата түсті. Осы жылдың күзінде «Динамо» Мәскеуге барды. Кезекті жаттығу жиыны. Бір күні жігіттер жабық кешенде үш шақырымға жүгіруге шықты. Айрих трибунада бақылап отыр. Сұлтан еті қыза келе дүркірей шапқан команданың маңдай тұсына таяды. Жігіттердің бірі: «Озушы болма. Айрихтің алдында бізді ұятқа қалдырасың», – деді. Сұлтанның да жарқырайтын тұсы осы. Ойыннан олар мықты. Жүгіруден бұл озуға тиіс. Содан аяғына жел бітіп, бұлдырықтай алға жөнелді. Жігіттер далада қалды. Эдуард Айрих дән риза. «Қазақ, сен мықтысың!» – деді бұған мейірін төге қарап.

Сұлтан «Динамоның» сапында екі жыл ойнап, Совет одағының жеңімпазы атанды. Одан кейін «Динамоның» ізбасары құрамында Қазақстанның екі дүркін жеңімпазы атанды. Төрт жылда Эдуард Айрих, Қазбек Байболов, Борис Казанцев секілді танымал жаттықтырушылардан дәріс алды.

2001 жылы аудан әкімі Әріп Қожбановтың ықпалымен Тереңөзекте көгалдағы хоккей үйірмесі ашылады. Сұлтан Ибрагимұлын атақты хоккейші екенін естіген бойда үйірмеге қажетті керек-жарағына қаржы бөлдіріп, бапкер етіп тағайындайды. Сұлтан бапкер Алматыдағы ұстаздарының үлгісімен ең әуелі тәртіпті жолға қойды. Сосын Айрих ұстазы секілді шәкірттерінің тамағына мән берді. Тынымсыз ізденіп, ерінбей тер төккен Тереңөзектің қыздары Қазақстанның 10 дүркін чемпионы, бірнеше рет жүлдегері болса, жігіттер командасы ел чемпионатын 9 рет жеңіп алды. 2018 жылы Өзбекстанның ашық чемпионатында топ жарды.

Бүгінде Сұлтан Ибрагимұлының бірнеше шәкірті халықаралық деңгейдегі спорт шебері, 130-дан аса ойыншысы спорт шебері дәрежесіне жетті. Қазақстан ұлттық құрамасына енген Нұрхан Сансызбаев, Мұрат Ешпанов, Бақытбек Сәрсенбайұлы, Мұқағали Сансызбаев, Нұрлыбек Ұзақов, Бақытбек Тәженов, Ғалымжан Әлиев, Шыңғыс Сейітқалиев, Ерасыл Қайқыбеков, Гузай Бахабаддин, Қарлығаш Болғанбаева,  Әйгерім Мақанова, Гүлнар Иманғалиева, Алиса Чевкасова, Малика Сражединова хоккейшілер өңірдің ғана емес, ел мақтанышына айналып отыр.

 Сұлтан Ибрагимұлы да зейнет жасына таяды. Оның ізін басқан Шынар Ақназарова, Нұрсұлтан Бисенбаев және Ғалымжан Әлиев бапкерлікке ден қоя бастады, яғни Сұлтан бапкердің  тәлімін алып, ізін жалғаған ізбасарлары жетерлік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!