АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында «Qazaq style» деген бүркеншік  есіммен  танылған Жәнібек  Әлімхан­ұлы мен ұлыбританиялық Дэнни Дигнуммен әлем чемпионы белбеуіне талас жүргізді.

Таңсәріден басталған жекпе-жек ұзаққа созылмады. Бәсеке басталған бетте Жәнібек қарсыласын бірден қыспаққа алды. Жойқын соққыларын дәл дарытып, оған еш бас көтерткен жоқ. Бірінші раундтың өзінде нокдаун белгіленді. Төреші онға дейін санағанша Дигнум есін жиып үлгерді. Бірақ қазақ боксшысы қарқынын еш бәсеңдетпеді. Үнемі шабуыл өтінде жүрген Әлімханұлы екінші раундтың соңғы минутында британиялықты керме арқанға тіреп қойып, оңдырмай сабады. Үш-төрт ауыр соққы дәл тигеннен соң Дэннидің қорғануға да шамасы келмеді. Соңында Жәнібек сол қолымен иектің астынан оңдырмай ұрды. Осы апперкоттан кейін қарсыласы есінен танып, оңбай құлады.

Осылайша, 29 жастағы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингтегі өзінің 12-ші жекпе-жегін өткізіп, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Енді Жәнібек «толыққанды» әлем чемпионы атағы үшін таласуға мүмкіндік алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!