Артық салмақтан арылу қоғам үшін өзекті мәселеге айналғандай. Мұндай мәселе екінің бірінде кезігуде. Ауру астан екені даусыз. Фаст фуд өнімдерін жиі тұтынатындар жайсыз салмаққа тап болып, дене бітімін нашарлатып алады. Мұндай жағдайда фитнес жаттық­тырушының көмегі орасан. Ендеше адамның сыртқы сымбатын жақ­сарту үшін не істеу керек?  Үздік фит­нес маман Айбек Нұғманов­тың кеңесін назар­ларыңызға ұсы­на­мыз.

Фитнес дене мүсініңіздің жинақы әрі көзтартарлықтай болуына көмектеседі. Өзіңе деген сенімділік те осыдан кейін келеді. Ал мінсіз мүсіннің басты құпиясы – фитнеспен қатар тамақтануды да дұрыстау. Көңіл толатындай нәтиженің 80%-ы тамақтануға, қалғаны жаттықтырушыға байланысты екен.

– Арықтағысы келетін немесе керісінше салмақ жинағысы келетін қыздардың жаттығудан кейінгі тамақтану режимі әртүрлі болады. Салмақ қосқысы келетіндер жаттығудан соң гейнер ішіп, бір сағаттан соң ауқаттануы керек. Ал артық салмақтан арылғысы келетіндер болса тек екі сағаттан кейін ас ішіп, оның өзінде ақуызды тамақ өнімдерін жегені дұрыс. Олар кешкілік қуырылған, майлы, тұзы көп және көмірсулы тағамдарды жемегені абзал. Негізі салмақ тастағысы келетіндерді жаттықтыру жеңілірек, ал салмақ қосқысы келетіндермен жұмыс жасау қиындау, нәтиже бірден болмайды. Себебі оларды метаболизмі жоғары болғандықтан салмақ жинау оңай емес. Көп еңбектену керек. Жалпы жаттығудың нәтижелі болып, мінсіз мүсін жасаудың құпиясы – дұрыс тамақтануда. Фитнес барлық адамға жағады деп айта алмаймын. Сонымен қатар, адамның көңіл хошына және уақытында тамақтануына да байланысты. Дайындықтан екі сағат бұрын міндетті түрде ауқаттану қажет. Тамақты тым көп жеу де жаттығудың дұрыс болмауына әсер етеді. Фитнеске бірінші рет келгендерге бірден қиын жаттығулар бермейміз. Алдымен 40 минут, одан 1, 1,5 сағат айналысатын боламыз. Жалпы жаттығуды бастардан бұрын “кардио”, яғни 20-30 минут жүгіру жолағында жүру міндетті. Бұл қан айналымның дұрысталуына, жаттығу кезінде жүрекке күш түсірмеу үшін қажет. Әрине, әр адамның денсаулығына, сырқатына байланысты қарсы көрсетілімдер бар, соларды ескеріп жаттығулар тағайындалады, – дейді Айбек Нұғманов.