Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бәйге түрлерінен дәстүрлі «Елбасы кубогы» жарысы мәреге жетті.

Дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен 150-ге жуық сәйгүлік қатысты.

Шабандоздар бәйгенің мына түрлерінен бақ сынады: Аламан бәйге – 25 шақырым; Қостанай тұқымды жылқы бәйге – 23 шақырым;

Кіші аламан (топ) бәйге – 16 шақырым;

Құнан бәйге – 9 шақырым;

Ұшқыр аттар жарысы – 1400 м, 2400 м.

Бәйге түрлерінен дәстүрлі Елбасы кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлері: «Құнан» бәйге бойынша бірінші орынды Бекнұр Жорабек жеңіп алды, екінші және үшінші орындарды Жақсылық Абылайхан мен Елнұр Медетбеков еншіледі. «Кіші аламан» бәйгеде Жақсылық Серікжан 1-орынды қанжығасына байласа, Байқам Асанқұлов 2-орынды, Хакимбек Қожақов 3-орынды иеленді.

«Қостанай тұқымды» жылқылардың бәйгесінде Матвей Ватисовтың тұлпары өзгелерден оза шапты. 2-орынды Халид Абдырахмановтың, ал 3-орынды Нұрислам Ораздың сәйгүліктері жеңіп алды.

«Аламан» бәйгеде Байқан Асанқұлов бірінші болып келді. Нұраит Нұрбай екінші, Ершат Омарғалиев үшінші орынға жайғасты. Ал төртінші орын Нұрлы Шынтасқа бұйырды.

Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бәйге түрлерінен дәстүрлі «Елбасы кубогы» жарысы санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақталды. Бәйге жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!