Грек-рим күресінен Азия чемпионаты мәреге таяды. Айтулы аламанда Қазақстан құрамасы 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медальді олжалап, жалпыкомандалық есепте үздіктер қатарына енді.

Ұланбатырда белдескен өрендеріміздің арасындағы ең танымалы Мейіржан Шермаханбет екені даусыз. Моңғолияның астанасында Мейіржан өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Тұсаукесер кездесуінде үндістандық Сахин Сахраватты  8:0 есебімен таза жеңді. Жартылай финалда Азия біріншілігінің екі дүркін жүлдегері, өзбекстандық Махмуд Бахшиллоевтан басым түсті – 6:3. Финалда әлем чемпионаты мен Азия ойындарында қатарынан екі мәрте теңдессіз деп танылып, құрлық чемпионатында үш рет топ жарған Рю Хан Сумен күш сынасты. Осыдан тура үш жыл бұрын Азия біріншілігінің ақтық сайысында дәл осы саңлақ біздің Шермаханбетті сан соқтырған еді. Ал бұл жолы қазақтың ұлы Оңтүстік Кореядан келген даңқты балуаннан есе қайтарды.

72 келі салмақтағы Абылайхан Әмзеев пен 82 келі салмақтағы Диас Қален ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Алғашында жапониялық Шого Такахаши мен кореялық Ли Жиюнды жеңген Абылайханның алтын алуға тамаша мүмкіндігі болды. Шешуші кезеңде Мохаммад Реза Мохтариге кесек әдіс қолданып, бірден төрт ұпай еншіледі. Бірақ «ереже бұзды» деген желеумен төрешілер Әмзеевтің қолданған әдісін есепке алмады. Одан кейін Парсы елінің өкілі қателікке бой алдырған жоқ. Қажетті ұпайды қоржынға салған ол жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Бастапқы бәсекелерін өте қарқынды бастаған Диас Қален өзбекстандық Мухаммадқадыр Расуловты 9:1 және жапониялық Юя Окаджиманы 9:0 есебімен ойсырата ұтты. Финалда қазақ жігітінің жолы Расул Садег Гармсиримен қиысты. Бұл тартыс бір ғана ұпай айырмашылығымен Иран өкілінің пайдасына шешілді – 3:4.

60 келі салмақтағы Ернұр Фидахметов қола медальді иеленді. Жартылай финалда ол әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Әлем кубогының иегері, қырғызстандық Жоламан Шершенбековке есе жіберсе, үшінші орын үшін тартыста моңғолиялық Балжинниям Цевеенравдан айласын асырды. 97 келі салмақтағы Санжар Серікханның да қола медаль алуға мүмкіндігі болды. Бірақ шешуші тұста ол Күншығыс елінің өкілі Такакиро Цурудаға жол берді.

Осылайша Ұланбатырда белдескен 10 жерлесіміздің тоғызы жеңіс тұғырына көтерілді.

Ұланбатырдағы Азия чемпионатында небәрі жеті мемлекеттің грек-рим күресі шеберлері ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Олар – Иран (4 алтын+1 күміс+2 қола), Қырғызстан (3+0+3), Жапония (1+0+5), Өзбекстан (0+2+3), Оңтүстік Корея (0+2+1) және Үндістан (0+0+4) құрамалары.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!