Анадолыда арулар бокстан әлем чемпионатының жүлдесін сарапқа салуда. Ыстанбұлдағы аренада ширек финалдық сайыстар өтті. Жарыстың күндізгі бағдарламасында бес боксшымыз шаршы алаңға шығып, солардың төртеуі жартылай финалға жолдама алды. Олар – Алуа Балқыбекова, Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова, Валентина Хальзова. Ал кешкі бағдарламада сынға түскен Дина Жоламан да жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жарыс басталған бетте Назым Қызайбай (50 келі), Римма Волосенко (60 келі), Аида Әбікеева (63), Дариға Шәкімова (66), Надежда Рябец (75 келі) және Ләззат Күнгейбаева (81 келі) сынды фаворит боксшыларымыз жеңілістің кермек дәмін татқанда қазақ жанкүйерлерінің көңілі қатты құлазыған еді. Биылғы жылдың басты додасына боксшыларымыздың тым нашар даярлықпен келгені сырт көзге анық байқалады. Осылайша, Түркияға сапар шеккен 12 боксшының тең жартысы жарысты аяқтап, қалған алтауы ширек финалға жолдама алған еді.

 48 келі салмақта сынға түскен Алуа Балқыбекова үндістандық Ниту Нитуды әдемі ұтса, іле-шала рингке 52 келі салмақтағы Жайна Шекербекова көтерілді. Италиялық Олена Савчукке қарсы сайыста дұрыс тактика құра білген Жайна жеңіске жетті. Карина Ибрагимова осы межеде мықты қарсыласқа тап болды. Ол Еуропа ойындарының күміс және Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері ирландиялық Микаэла Уолшпен күш сынасты. Алайда қарсыласының атағынан еш қаймықпаған Карина көздеген мақсатына қол жеткізді.

Валентина Хальзова аустралиялық Кэй Скоттпен қолғап түйістірді. 36 жастағы жасыл құрлықтың өкілі 2016 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында күміс медальды жеңіп алған еді. Ол кезде Кэй 81 келі салмақта өнер көрсетті. Одан кейін салмақ қуып, өзінен әлдеқайда жеңіл қарсыластармен жұдырықтасуды жөн көрген екен. Бірінші раундтан бастап тізгінді өз қолына алған Валентина қарсыласының еркін көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. Төрешілер бірауыздан Хальзованың мықтылығын мойындады. Бесінші болып шаршы алаңға шыққан Гүлсая Ержанның (81 келі) литвалық Габриэле Стонкутеге әлі жетпеді. Ал кешкі бағдарламада Дина Жоламан (54 келі) Елена Зекич пен шеберлік байқасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

Әлем чемпионаты ертең өз мәресіне жетеді. Жүлдеге іліккен былғары қорғап шеберлерінің сыйақысы нақтыланды. Атап айтсақ, әлем чемпионы атанған боксшылар 100 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алса, финалға шыққандар 50 мыңды қалтаға басады. Ал қола жүлдегерлерге 25 мың доллардан тиеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!