Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Амманда өткен Азия чемпионатынан олжалы оралған боксшыларды қаржылай сыйақымен марапаттады.

Сондай-ақ ұлттық құраманың Азия біріншілігіндегі табысына өз үлесін қосқан команданың өзге мүшелері, атап айтқанда құраманың бапкерлер қосыны, боксшылардың жеке бапкерлер мен ғылыми кешеннің қызметкерлері де назардан тыс қалған жоқ. Іс-шараға ҚБФ президенті Кеңес Рақышев пен федерация жетекшілері қатысып, былғары қолғап шеберлерін Сары құрлық бәсекесіндегі жеңісімен құттықтады.
Боксшылардың қаржылай сыйақыларын (І орын – 5 млн теңге, ІІ орын – 2 млн, ІІІ орын 1 млн) Қазақстан бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышевтің өзі тапсырды.
Азия құрлығының 27 елінен келген 267 былғары қолғап шебері (181 ер мен 86 әйел) сынға түскен додада Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасының нәтижесін қоса есептегенде, жалпыкомандалық есепте І орынды жеңіп алды. Боксшыларымыз жалпы саны 21 жүлде олжалады. Оның ішінде алтауы алтын, жетеуі күміс және сегізі қола медаль.
Ерлер арасындағы бәсекеде Санжар Тәшкенбай (48 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Айбек Оралбай (– 92 келі) Азия чемпионы атанса, қыздар арасында Алуа Балқыбекова (48 келі), Жайна Шекербекова (54 келі) мен Карина Ибрагимова (57 келі) алтыннан алқа тықты.
Ал Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) және Гүлсая Ержан (81 келі) финалда жеңіліп, күміс жүлдеге ие болған еді.
Сары құрлық бәсекесінің жартылай финалында қарсыластарына жол берген Саматәлі Төлтаев (60), Нұрбек Оралбай (80), Сағындық Тоғамбай (86), Назым Қызайбай (50), Жазира Орақбаева (52), Мадина Нұршаева (66), Дариға Шәкімова (70) мен Ләззат Күнгейбаева (+81келі) ел қор¬жынына қола жүлде салды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасынан кейінгі жалпыкомандалық есепте Өзбекстан (6 алтын, 3 күміс, 4 қола) құрамасы екінші орынға ие болса, үздік үштікті – Үндіфстан (4 алтын, 2 күміс, 5 қола) боксшылары түйіндеді. Иордания төрінде 12 елдің Әнұраны шырқалды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!