Түркияның Ыстанбұл қаласындағы әлем чем­пио­натында жүлдегерлер қатарынан көрінген қа­зақстандық боксшылар қаржылай сыйақымен ма­ра­патталады.

Қазақстан бокс федерациясы мәліметінше, федерация пре­зиденті Кеңес Рақышев ел спортшыларын қолдау мақсатында Түркиядағы әлем чемпионатына арнайы келді. Сапар барысында ол отандық боксты дамытуға байланысты шетелдік әріптестерімен бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Одан кейін қазақстандық боксшы Алуа Балқыбекованың финалдық  жекпе-жегін тамашалады. Спортшылармен жүздесуде жүлдеге іліккен және бокстың жарқын үлгісін көрсеткен бүкіл боксшыларға алғыс айтты.

Айта кетейік, әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жүлдегерлер IBA сыйақысынан бөлек Қазақстан бокс федера­циясының қаржылай сыйақысымен марапатталады. Осылайша күміс жүлдегер Алуа Балқыбековаға 30 мың АҚШ доллары берілсе, қола жүлдегерлер Жайна Шекербекова, Дина Жоламан, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова 10 мың долларға ие болады.