Қармақшы ауданы Төребай би ауылындағы №199 орта мектепте «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, ардагер-ұстаз Әлиасқар Бекқадамды еске алуға арналған волейбол турнирі өтті. Оған аудандағы 6 мектептен келген команда қатысты.

Шарада Қармақшы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлзира Абдазиева ардақты ұстаздың өміріне шолу жасап,  сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бар өмірін білім саласынының өркендеуіне арнаған Әлиасқар Бекқадам 1939 жылы Қармақшы ауданы Диірментөбе станциясында дүниеге келді. Алғашқы еңбек жолын 1963 жылы Жалағаштың №117 «Мақпалкөл» орта мектебінде өндіріс меңгерушілігінен бастаған. Қармақшы ауданының Жосалы кеңшары құрылғанда осындағы сегізжылдық мектепке алғашқы директор болып келіп, осы мектепте 1975 жылға дейін басшылық қызмет атқарды.

Саналы ғұмырында №108, 185 мектептерде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болды. Кейін зейнетке шыққанға дейін №199 орта мектепте мұғалім болып, оқу-тәрбие жұмыстарының өз дәрежесінде жүруіне ерекше үлес қосты. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, тәлім алған шәкірттерімен бірге мектепаралық, қалалық, облыстық сайыстарда жүлделі орындардың иегері атанды.

Әлиасқар Бекқадам 1996 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.   Ол кісінің елі үшін еткен еңбегі ауыл тұрғындары, отбасы, шәкірттері  үшін  үлгі  болып қала бермек.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды №199 мектеп ұжымы иеленді. Келесі жүлделі орындарға №105 және №107 орта мектеп ұжымы лайық деп танылды. Сайыс жеңімпаздары дипломмен марапатталып, қаржылай сертификаттарға ие болды.

Сондай-ақ, «Ең үздік шабуылдаушы» номинациясымен Н.Қазиев, «Ең үздік қорғаушы» номинациясымен Б.Тоғайбаев, «Ең үздік ойыншы» номинациясы бойынша Е.Сағындықов марапатталды. №№106, 108, 109 мектеп ұжымдарына аудандық білім бөлімінің Алғыс хаты тапсырылды.  

Соңында ұлағатты ұстаз Әлиасқар Әбілтайұлының ұлы Рахат Әлиасқарұлы «Егер адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – ұстаздың еңбегі. Сол нұрды оқушылардың жүрегіне сіңіру үшін асыл ұстаз қаншама тер төкті десеңізші!» – деп ағынан жарылып,  аудандық білім бөлімінің мамандарына, ауылдық мектеп ұжымына және сайыста белсенділік танытқан қатысушыларға отбасы атынан алғыс айтты.

Аида АЙТБАЙ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!