Ертең төртжылдықтың басты аламаны Токио Олимпиадасы басталады. Күллі әлем бақ сынайтын байрақты бәсекеде ел спортшылары да сынға түсіп, Олимпиада жүлделеріне талас жүргізеді. Бүгінде Қазақстан құрамасы Жапонияда соңғы дайындығын пысықтауда. Күншығыс еліндегі соңғы жаңалықтарды оқырман назарына ұсынуды құп көрдік.
ДАЙЫНДЫҚ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ
Әлеуметтік желі арқылы ел спортшыларымен байланысқа түсіп, Жапониядағы ахуалды білдік. Бокстан команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пандемияға байланысты көптеген қиындықтар барын жеткізді.
– Көптен күткен Токио Олимпиадасының да басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінде Қазақстан командасы Жапония жеріне табан тіреді. Мұнда коронавирус инфекциясына байланысты тыйым өте көп. Ережелердің барлығын сақтап жүрміз. Бірнеше рет ПТР тест тапсырып, деніміздің сау екенін қайта-қайта дәлелдеуге міндеттіміз. Қауіпсіздікті сақтау үшін көп көңіл бөлінуде. Қазіргідей пандемия жағдайында бұл өте дұрыс қадам деп есептеймін.
Кеше команданың алғашқы жаттығуы өтті. Бәрі де көңілден шығады, жоғары деңгейде. Көңіл-күйіміз де тамаша. Бапкерлер бізді бұл додаға жақсы дайындады. Осы орайда, барша қазақстандық жанкүйерлерді біздің команданы қолдауға шақырамын. Сіздердің қолдауларыңыз мұндай маңызды сәтте аса қажет, – деді бокстан команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев.
ҰЙЫМДАСТЫРУ ДЕҢГЕЙІ БІРДЕЙ
Екінші мәрте Олимпиада ойынына қатысқалы жатқан Абылайхан Жүсіпов Токиодағы ұйымдастыру жұмыстарына тоқталды.
– Жапония астанасы Токио қаласына келіп, олимпиадалық ауылға орналастық. Мұнда спортшыларға керекті дүниенің бәрі бар. Бар жағдай жасалған. Рио Олимпиадасына да қатысқанымды білесіздер. Егер салыстырмалы түрде қарасақ, екі елдегі ұйымдастыру деңгейі ұқсас. «Токиода жаттығуды бастап кеттік. Арнайы тренажер залы да бар екен. Барлық ережелерді сақтап жүрміз. Күніне бірнеше рет ПТР тест тапсырамыз. Әрине, бұл аздап жалықтырады. Дегенмен, барша әлем пандемиямен күресіп жатқандықтан, бұл талапқа бағынамыз, – деді Абылайхан Жүсіпов.
ФЕДЕРЕР КЕЛМЕЙТІНІНЕ МҰҢАЙДЫМ
Қазақстандық теннисші Александр Бублик Токио Олимпиадасы қарсаңында өзінің жоспарларын айтты.
– Олимпиадада жұптық сын мен аралас жұптық бәсекені алар болсам, мен соңғысын таңдар едім. Себебі, бұл жай ғана жарыс емес, басқа адаммен қызықты комбинация жасауға мүмкіндік беретін дода болады. Оның үстіне, әйелдер мен ерлердің теннисін екі бөлек спорт түрі десем, артық емес. Бұл мен үшін қызықты тәжірибе болмақ. Егер мені микстке де қоятын болса, үш бағдарлама бойынша да сынға түсемін. Олимпиада төрт жылда бір рет келетін жарыс. Сондықтан бар күшіңді салуға болады. Егер Федерация мені Елена Рыбакинамен бірге кортқа шығарса, қуана келісемін. Олимпиаданың маңызы оның қатысушыларына байланысты емес. Үздік спортшылардың қатысу-қатыспауы ойынның беделіне еш кедергі келтірмейді. Тек Роджер Федерердің келмейтініне аздап мұңайдым. Өйткені оның ойыны ұнайды. Федерермен кездессем қызықты ойын болар еді, – деді Бублик.
ТОКИО ТАҢСЫҚ ЕМЕС
Академиялық есуден Қазақстан командасының мүшесі Владислав Яковлев Токио Олимпиадасында алғаш болып бақ сынайтын спортшылардың қатарында. Себебі аталған спорт түрінен іріктеу ертең басталады. Команда бас бапкері Владимир Белоноговтың айтуынша, спортшы төртжылдық додаға үлкен дайындықпен келген екен.
– Академиялық есуден бір ғана спортшыға үміт артамыз. Ол – Владислав Яковлев. Ертең біз үшін бәсеке басталады. Владислав олимпиадалық ауылға жайғасып, дайындық жүргізуде. Климатқа бейімделу туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Біздің спортымызда бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Академиялық есуді нөмірі бірінші спорт түрі санайтын Еуропа елдері көп. Сондай-ақ АҚШ, Жаңа Зеландия мен Австралия да бар.
Жарыс өтетін каналды біз жақсы білеміз. Іріктеу турнирі сол каналда өткендіктен, Владиславқа бұл қиынға соғады деп ойламаймын. Жапонияға қатысты кейбір ерекшеліктерге де қанықпыз. Спортшымыздың қарқыны жақсы, – деді бас бапкер.
ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП
Бокстан команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Олимпиада қалашығындағы ережелер мен шектеулер туралы айтты.
Бапкердің айтуынша, Токиода коронавирусты инфекцияға байланысты көптеген шектеулер енгізілген. Арнайы ережелерді бұзбау керек.
– Әуежайда бірнеше рет ПТР тест тапсырдық. Кейін аккредитация қағазын аларда тағы да тесттен өттік. Яғни вирустың болмауын қатал қадағалауда. Боксшылар олимпиада қалашығына орналасты. Мұнда бар жағдай жасалған. Тамақтары да жақсы, барша әлем халықтарына арналған тағамдар бар. Басшылармен жиналыс өткізіп, алдағы жоспарларды талқыладық. Олимпиададағы арнайы ережені де түсіндірді. Жолдан аздап шаршаған едік, бүгін ес жиып, кешкі жаттығуға дайындалып жатырмыз.
Жаттығулардың дені далада өтеді. Климатқа бейімделуді бастаймыз. Ал ертеңнен бастап залда жаттығу кестесін береді. Залда жаттығудың да өзіндік ережесі бар. Үлкен жаттығу залы бар екен. Оны да көріп шықтық.
Олимпиадалық ауылдағы ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңдейде. Бетпердені мүлде шешуге болмайды, арақашықтықты да сақтап жүрміз. Барынша мұқият болып, жарысқа дайындаламыз, – деді Ғалымбек Кенжебаев.
ТРАНСЛЯЦИЯДА
МӘСЕЛЕ БАР
Жапониядағы жарысты жанкүйерлерге көрсету қиынға соғып жатқандай. Әзірге отандық арналар тек келіссөздермен шектелуде. Мәселенің жай жапсарын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының баспасөз қызметінен білдік.
– XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының трансляциясына қатысты көрермендер мен әріптестерімізден келіп түсіп жатқан сауалдарға байланысты айтарымыз: Токио Олимпиадасының тікелей трансляциялау құқығы «Dentsu Inc.» компаниясына тиесілі. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігі» АҚ Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» телеарналары арқылы Жазғы Олимпиаданы ел аумағында көрсету бойынша келіссөздерді 2019 жылы бастаған болатын. Тараптар әзірге ортақ келісімге келе алған жоқ. Екіжақты келісімнің ұзаққа созылу себебі, құқық иесінің лицензия бағасын 2016 және 2018 жылдардағы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда 123 пайызға қымбатқа ұсынуы, – деді баспасөз қызметі.
Телерадиокорпорация мәлімдегендей, қазіргі кезде Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» телеарналары қазақстандық спортшыларды қолдау және отандық көрермендерге Олимпиададан жедел ақпарат ұсыну бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!