Біржан кәрі құрлық додасының небәрі төрт ойынына қатысып, жеті гол соғып, үздік шабуылшы­лардың көшін бастады. Қазақстан құрамасы жарысты ширекфиналда тоқтатқанына қарамастан Біржанның жетістігін қайталайтын ешбір ойыншы болмады. Алдымен топтық кезеңде Словениямен кездесуінде бір мәрте қақпаны дәл көздесе, одан кейін Финляндия, Италия қақпашыларын екі мәрте қапы қалдырды. Ширек финалда Украинамен ойында да екі мәрте дәлдігімен көзге түсті. Екінші орынды ресейлік Антон Соколов алды. Оның еншісінде алты гол бар. Сұрмергендер сапында ресейліктер –  Артём Антошкин мен Иван Чишкала бес-бестен гол соқса, тағы бір қазақстандық Дуглас Жуниор төрт голдың авторы атанды. Айта кетсек, биылғы Еуропа чемпионы атағын Португалия жеңіп алды. Екінші орын Ресейге бұйырса, үздік үштікті Испания түйіндеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Біржанның жетістігіне жұртшылық жаппай қуануда. Жақында футболшы БАҚ өкілдеріне әлем чемпионатындағы ең эмоционалды сәт, елдегі футзалдың танымалдылығы және алға қойған мақсаты жайлы сұхбат берді. Сұрмерген өткен жылдың табысты, жеңіске толы болғанын жеткізді. Өкінішті сәттер де бар екен. Бірақ спортшы мұның барлығы шыңдалуға апаратын қадам екенін айтты. Жылдың есте қаларлық эмоционалды тұстарына да тоқталды.

– Биылғы Иранмен камбэкті әсерлі дер едім. Бірақ жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді, сондықтан Португалиямен кездесуді де айта кету керек. Матчтан кейін эмоционалды күйзеліс болды. Алайда жанкүйердің қолдауы көмектесті. Жалпы, мен футзал Қазақстандағы басты спорт түрлерінің біріне айналса деп армандайтынмын. Әлем чемпионатынан кейін футзалдың деңгейі айтарлықтай көтерілді, оның үстіне жастар, өскелең ұрпақ тарапынан үлкен қызығушылық бар, сондықтан қалалар мен аудандарда спорттың бұл түрін дамытуға барлық жағдайды жасап, қолдау көрсету қажет. Осылайша біз әлемдік аренада ел намысын қорғайтын мықты мамандарды тәрбиелей аламыз, – дейді спортшы.

«Шетелде ойнауға ниет таныттыңыз. Ұсыныстар түсті ме?» деген сауалға футболшы «Чемпиондар лигасынан кейін агентім Ресей құрамасында жалға алу негізінде ойнауды ұсынды. Бірақ маусымның ортасында қосылу орынсыз деп ойлаймын. Басқа командаға кетсем, маусымның басынан жоспарлаймын. Бірақ қазіргі уақытта «Қайрат» АФК-мен 2023 жылға дейін келісімшартым бар» деген жауап қатты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!