Футболдан UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысында 4 тамызда «Тобыл» және «Қызылжар» командалары алғашқы ойынын өткізеді.

Олардың қатысуымен өтетін екі ойында «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Алдымен петропавлдық «Қызылжар» сырт алаңда Кипрдің АПОЭЛ командасымен кездеседі. Ойынның басталуы елорда уақытымен 23:00-ге белгіленген.

АПОЭЛ командасы 1926 жылы құрылған. Өзінің елінде 28 мәрте чемпиондық атақты жеңіп алды. Бұған дейін еурокубок ойындарында қазақстандық командалармен жеті мәрте кездесті. Оның алтауында елордалық «Астанамен» шеберлік байқасты.

Алдымен 2015/16 жылғы кезеңде Чемпиондар лигасы төртінші іріктеу сатысында оларға (0:1, 1:1) жол берді. Одан кейін 2016/17 жылғы кезеңде Еуропа лигасында В тобында екі ойында (2:1,1:2) бір-бір мәртеден жеңіске жетті. Ал 2018/19 жылғы кезеңде Еуропа лигасы төртінші іріктеу сатысында (1:0, 0:1 пенальтиден 1:2) тағы да жеңілді.

АПОЭЛ және «Қызылжар» кездесуінде бельгиялық Эрик Ламбрехтс бас төреші болса, оған отандастары Йо де Вейрдт пен Матиас Хилларт көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де – сол елдің өкілі Яспер Вергооте.

Тағы бір кездесуде Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Босния және Герцоговинаның «Зриньски» клубымен ойнайды.

Кездесу елорда уақытымен 01:00-де басталады. «Зриньски» командасы 1905 жылы құрылған. Өзінің елінде жеті мәрте чемпион атанды.

Екі команда 2010/11 жылғы кезеңде Еуропа лигасында бір мәрте шеберлік байқасты. Екеуінде де аталған клуб 2:1, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Сол кеткен есені «Тобыл» қайтара ала ма? «Зриньски» және «Тобыл» кездесуінде португалиялық Антониу Нобре бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Педру Рибейру мен Педру Мартинш көмекшілік жасайды. Қосалы төреші де – сол елдің өкілі Андре Нарсишу.

Еске салсақ, бұдан бұрын Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында «Тобыл» және «Қызылжар» жеңіске жетіп, «Астана» және «Қайрат» жарыс жолынан шығып қалды.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!