«Қайсар» футбол клубының ұжымы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығында» болып, бүлдіршіндердің хәл-жағдайын сұрады.

Кездесу барысында футболшылар балаларға шеберлік сабағын өткізіп, спорттың қоғамдағы рөлін жеткізді.

«Қайсар» футбол клубының директоры Серік Досманбетов орталықтағы балаларды алдағы уақытта да қуантуға әзір екенін жеткізді.

– Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады демекші біз орталықтағы балаларды әркез қуантуға, олармен бірге футбол ойнауға дайынбыз. «Қайсар» футбол клубы бұл үрдісті дәстүрге айналдырған. Өткен жылы пандемияға байланысты келе алмадық. Биыл үрдісті қайта жалғап отырмыз. Біз сіздермен әркез біргеміз, – деді клуб директоры Серік Құттыбайұлы.

Команданың капитаны Думан Нәрзілдаев оңалту орталығына «Қайсар» футболшыларының атынан бүлдіршіндерге гальванизатор аппаратын сыйға тартты. Сондай-ақ балаларға клуб тарапынан тәттілер мен сыйлықтар үйлестірілді.

Ал орталықтағы бүлдіршіндер футболшы ағаларына алдағы біріншіліктегі кездесулерге сәттілік тілеп, өз қолдарынан жасаған тарихи таңбалар бейнеленген қолөнер туындысын естелікке берді.

«ҚАЙСАР» ФК Баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!