Қазақстандық, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Рим WTA 1000 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іріктеу сайыстарының бірінші ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева дүниежүзілік рейтингте 181-орында тұрған аустралиялық Сторм Сандерспен кездесті.

Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:1, 6:1 есебімен бет қаратпай ұтты.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған матч барысында Ю.Путинцева эйс жасамағанымен, 6 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді.

Ю.Путинцева іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 66-ракеткасы, хорватиялық Ана Конюхпен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.

Жүлде қоры 2,5 млн еуродан асатын Рим додасы 9-15 мамыр аралығында өтеді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Ыстанбұл турнирінің жеңімпазы атанғанын, Шымкент челленджер жарысында қазақстандықтардың қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!