Қытайда өтіп жатқан Азия ойындарында джиу-джитсудан 69 келіде қазақстандық Нұржан Батырбеков чемпион атанды. Ол финалда Мохамед Әлсуаидиды (БАӘ) жеңді. Екі спортшы да 21 жаста. Сондай-ақ бұл спорттан Алдияр Серік (69 кг), Мансұр Хабибулла (62 кг) қола медаль алды деп хабарлайды Азаттық Радиосы

Хуанжоуда өтіп жатқан Азиадада Қазақстан бұған дейін стенд атудан екі, велоспорттан екі, нысана көздеуден бір, каноэ және байдарка есуден бір алтын медаль жеңген.

Қазір Қазақстан 7 алтын, 12 күміс, 36 қоламен 11-орында тұр. Жалпы есепте Қытай (174 алтын, 96 күміс, 53 қола) бірінші, Жапония (37-51-59) екінші, Оңтүстік Корея (33-45-72) үшінші орында келеді. Өөзбекстан (16-16-22) бесінші, Қырғызстан (3-0-4) 18-орында, Тәжікстан (2-1-4) 23-орында тұр. Түркіменстан бір күміс, төрт қоламен 29-орында.

Азия ойындары 8 қазанда аяқталады. Жарыстың аяқталуына үш күн қалса да Қазақстанның алтын саны онға жетпеді. Бұған дейінгі Азия ойындарында Қазақстан кемі 15 алтын медаль алатын. Биылғы Азиадада Қазақстан 1994 жылдан бері алғаш рет жеңіл атлетикадан алтынсыз қалды. Сондай-ақ 2018 жылғы Азия ойындарында алтын алған дзюдошылар мен семсерлесушілер Қытайдағы жарыста алтын ала алмады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!