Халқымыз балаға ат қоюда көптеген ырым-жоралғыға сенеді. Есімі арқылы баланың болашағы жарқын болуын тілеген. Жақында Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылына жол түсті. Сонда аялдайтын үйді іздеп жүргенімде алдымнан жас жігіт жолығып, жол сілтеді. Көмегіне алғысымды айтып, есімін сұрадым. Есімі – Зинедин екен. Ерекше есімді естігенде құлағым елең етті. Сол мезетте біршама уақыт тоқтап, есімі жайында сөз қозғадық.

– Әкем футболдың нағыз жанкүйері. Мен туған жылы футболдан төрткүл әлемнің кіл дүлділдерін әр төрт жыл сайын бас қостыратын әлем біріншілігі өтіпті. Сонда Франция құрамасы финалда Бразилия­ны 3-0 есебімен ойсырата жеңіп, алғаш рет титулды жеңіп алған. Сол ойында күллі әлемді таңқалдырған Зинедин Зидан 2 гол салып, командасын биік тұғырға көтерген болу керек. Содан бастап, Зинедин көптің кумиріне айналыпты. Арасынан әкемді ерекше айтсам болады. Анам мені босанғанда әлемге әйгілі болсын деп ырымдап Зинедин қойған. Бірақ мен футболды емес, білімнің жолына түстім. Қазір Қазақ гуманитарлық заң колледжінде заңгер мамандығы бойынша білім алудамын. Әлемді тек футболмен ғана емес, біліммен де таңғалдыруға болатынын дәлелдегім келеді, – дейді Зинедин.

Ал бет бейнесі шетелдік футбол жұлдыздарынан айнымайтын адамды көріп пе едіңіз? Өткенде әуесқой лиганың қалалық біріншілігінде қос бірдей ойыншы көзге түсті. Екеуі де өз командаларын өрге сүйреп жүрген футболшылар. Алғашқысының есімі – Нұржаубай Бостанов. Түр тұлғасы мадридтық «Реалдың» аяқдопшысы Каземироға ұқсайды. Достарының арасында Каземиро деп аталып кеткен Нұржаубай болашағын футболмен байланыстырғысы келеді.

Екінші кейіпкеріміздің есімі – Дәулет Қожбан. Дәулетті көрсеңіз, бразилиялық Даниэль Алвесті көргендей боласыз. Айтуынша, бозбала шағынан футболды серік еткен. «Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап футболға махаббатым ояна бастады. Теледидардан матчтарды қалт жібермей, шетелдік футболшыларға еліктей бастадым. Футбол үйірмесіне де қатыстым. Бірақ аяқ жарақатым кәсіпқой футболшы болуыма кедергісін тигізді. Қазір жұмыстан қолым қалт етсе, алаңға асығамын. Әуесқой лигада «Жастар» командасының намысын қорғаймын. Ал, шетелдік Даниэль Алвеске ұқсауым табиғаттың маған берген сыйы шығар», – дейді Дәулет.