Қалың көрермені бар UFC-дың қанаты қазір кеңге жайылған. Октагонда оқ бойы озып, аталмыш спорттың алға жылжуына сеп болған «ТОП-15» спортшының қызықты дерегі кімге болсын қызық. Үздік 15-тің қандай елеулі табыстарға қол жеткізгені туралы тартымды ақпарат ұсынамыз.
35 жастағы Аргентинаның арланы Сантьяго Понзиниббио 77 кило салмақ дәрежесіндегі ең мықты нокаутер деп танылды. Ол 33 кездесуінің 28-ін мерзімінен бұрын аяқтаған екен. Екінші және үшінші орындарда – бразилиялық Висенте Луке мен америкалық Хорхе Масвидаль. Алғашқысы 19 (30 кездесу), екіншісі 18 (51 кездесу) қарсыласын есінен тандырды. Төртінші сатыға 15 рет (15 кездесу) айқын жеңіске қол жеткізген Шавқат Рахмонов жайғасты. Осы орайда, қазақ спортшысының жоғарыда есімі аталғандардан әлдеқайда аз бәсеке өткізгенін ескерген жөн. Сондай-ақ Шавқат өз жекпе-жектерінің барлығында жеңіске жетті. Ал Понзиниббио (5 рет), Луке (8 рет) мен Хорхе Масвидальдің (16 рет) бір емес, бірнеше рет жеңілістің кермек дәмін татқанын көзіміз көрді. Осы жағынан алсақ, қандасымыздың өзгелерден көші ілгері екені дау туғызбайды. Өйткені Рахмонов 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Сонымен қатар үздіктер тізімінде Гилберт Бернс (25 кездесу, 20 жеңіс, 15 нокаут), Ли Джинглианг (25-18-16), Майкл Кьеза (24-18-11), Хамзат Чимаев (11-11-10), Джефф Нил (18-14-11) және Камару Усман (21-20-10) сынды саңлақтар бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!