Ел астанасында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпия ойындарына дайындық мәселелері талқыланды.

Жиында еліміздің спорт саласына жауапты басшылар баяндама жасап, республикадағы маңызды мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижесі сараланып, оларды даярлау жүйесіндегі өзгерістерді, медициналық-биологиялық қамтамасыз ету және допингке қарсы бағдарламаларды, өңірлерде олимпиадалық спорт түрлерінің жай-күйі мен дамуына қатысты сауалдар талқыға түсті.

Кездесу барысында Дәурен Абаев Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялар санына емес, медальдың сапасына назар аудару қажет екенін айтты. Себебі кез келген жарыстың жалпыкомандалық есебі алтын медаль санына қарап жүргізілетіні белгілі. Сондай-ақ министр федерация басшылары мен жаттықтырушыларға бірқатар тапсырма берді. Мәселен, ендігі кезекте құрама командаларға жастарды тарту арқылы жас ерекшелігін жасарту және халықаралық жарыстарға іріктеуді барынша ашық өткізіп, жұмысты белсенді жүргізу қажет екенін жеткізді.

«Ел спортын дамыту үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, қолдау көрсетілуде. Қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Дегенмен министрлік қайырымдылықпен айналыспайды. Сондықтан ертең жұмсалған әр қаржының сұрауы болады. Мұны спортқа жауаптылардың барлығы есте сақтауға тиіс. Жоғары жетістіктер нақты нәтижелерге негізделеді, қалғаны – дене шынықтыру. Сондықтан бізге жаңа жеңістер керек», – деді Дәурен Абаев.

Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов Парижде 329 медаль жиынтығы сарапқа салынатынын жеткізді. (Токиода 339 медаль жиынтығы ойналған еді).

Айта кетейік, еліміздің құрама командалары осы жылдың басынан бері 19 әлем чемпионатына және 20 Азия чемпионатына қатысып, 140 медаль жеңіп алды: оның ішінде 35 алтын, 40 күміс, 65 қола бар.  Жыл соңына дейін біздің спортшылар тағы 3 әлем чемпионатына және 3 Азия чемпионатына қатысады.

 «Құрама команда қатарына спортшыларды іріктеу рәсімдерінің ашық өтуі маңызды. Бұл біздің басты назарымызда болады. Алдағы уақытта министрлік спортшылардың барлық жетістігін, жарыстарға қатысу кестесін бақылауға мүмкіндік беретін е-sport жүйесін іске қосады. Әділеттілік пен ашықтық әрдайым маңызды, спорт жүйесінде саламатты бәсекелестік болуға тиіс», – деді Дәурен Абаев

Министр спорт басқармасының басшыларына олимпиадалық спорт түрле-рінің басымдығын ескере отырып, жоғары спорт шеберлігі мектептерінің жұмыс істеу қағидаттары мен тәсілдерін қайта қарау, федерациялармен бірлесіп спорт резервін дайындаудың бірыңғай стандартын және оқыту бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды.

Ерасыл Шәрібек

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!