Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев үш ай үзілістен кейін үлкен боксқа қайта оралды. Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсетіп, тұңғыш рет WBA Gold белбеуіне ие болды.

Алатаудағы алып айқаста жерле­сіміз британиялық Стивен Уордпен (13-1, 4 КО) жұдырықтасты. Қос бокс­шы бірінші ауыр салмақтағы бос тұрған WBA Gold белбеуіне талас жүр­гізді.

Шаршы алаңдағы жекпе-жек аса қарқынды басталмады. Алғашқы раундтарда қос қарсылас бір-бірін бағамдаумен болды. Қоңқабаев қарымта шабуылға иек артып, Уордқа мардымды соққыларын өткізді. Бесінші раундта қазақстандық боксшының соққысы Уордтың бүйрегіне тиіп, төреші есеп ашты. Ал жетінші раундта британдық боксшы жарақат алып, кездесу тоқатылды. Төрешілердің  қойған ұпайлары есептеліп, бірауыздан Қамшыбек Қоңқабаев жеңіске жетті.

Осылайша, ауыр салмақтағы боксшымыз Токио Олимпиадасынан кейін алғаш рет рингке шығып, WBA Gold чемпиондық белдігін жеңіп алды. Стивен Уорд болса, кәсіби рингте екінші рет жеңілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!