Футболдан OlimpBet Қазақстан чемпионаты бел орта­дан асты. Турнирлік кестеде көш соңында келе жатқан қызыл­ордалық «Қайсарға» жаңа бапкер тағайындала салысымен ұпай еншілеу мүмкіндігі туды. Өткен аптаның сенбісінде қасқырлар біріншіліктің 16 туры аясында “Каспийге” қонаққа барды. Футбол сарапшылары бұл кездесуде алаң иелерін фоварит санады. Олай деуге де толық негіз бар. Срджан Бла­гоевич шәкірттері өз алаңында бір де бір рет жеңілмеген. Яғни «Астана», «Қайрат», «Тобыл» секілді алпауыт командалардың өзін теңіз жағасында тас талқан етті. Мұндай сәттерден соң «Қайсарды» сырт алаңда ұпай еншілейді дегеннің өзі неғайбыл. Дегенмен сенбі сырбойылықтар үшін сәтті аяқталды. 

Владимир Никитенконың ізбасарлары кездесу басталысымен сауат­ты ойнап, қарсылас қақпасына 4 гол соқты. Алдымен Кларенс Битанг қарымта шабуылдан есеп ашса, шабуылшы Каролис Лаукжемяс дубль авторы атанды. Команда капитаны Думан Нәрзілдаев Милошевич қор­ғаған қақпаға 4 голды соғып, командасының жеңісіне үлес қосты. Алаң иелері “Қайсардың” соққан 4 голына екі голмен ғана жауап қайтарды. Қорытынды есеп 4-2, қасқырлардың пайдасында.

Матч аяқталысымен «Қайсар» футбол клубының жаңа  бапкері  Влади­мир Никитенконың алдағы жоспарын білдік.

– Қызылордаға келгеніме көп болған жоқ. Бірден білек сыбанып жұ­мыс­қа кірісіп кеттік. Ресми алғашқы ойыным «Тұранмен» өтті. Допты бағамдап, бірнеше шабуыл ұйымдастырғанымызбен матчта гол соғу мүмкіндігі бұйырмады. Тактикалық және теориялық жаттығуларды үзбей «Каспийге» дайындалдық. Соның арқасында қарсыласымыздан үш ұпай еншіледік. Қазір командадағы барлық ойыншылардың қарым қабілетін байқау үстіндемін. Негізгі мақсатым – біріншілікте ұпай мөлшерін көбейтіп, турнирлік кестеде жағдайымызды жақсарту. Егер біріншілікте жағдайымыз жақсы болса, Қазақстан кубогында табысты ойын көрсетуге болады. Клубқа трансферлік банның қойылғаны жасырын емес. Бірақ клуб қызметкерлері шектеуді алып тастау үшін жұмыс істеп жатыр. Әрине мәселе шешімін тапса, жаңа ойыншылар қосылуы бек мүмкін. Командадағы жағдай, атмосфера  барлығы жақсы. Көмекшілермен бірге «Қайсарды» алға жетелеуге атсалысамын, – деді бас бапкер Владимир Никитенко.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!