Елімізде жаңа академиялық оқу-жаттығу орталығы пайдалануға беріледі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде спорттық дайындықтың қолданыстағы тәжірибесі көрсетіп отырғандай, спорт мектеп-интернаттары мен колледждерінің түлектері республикалық және халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көріп жүр. Ал, жүлделі орын алмаған кейбір дарынды спортшылар спорттағы мансабын аяқтауға мәжбүр. Осы жағдайды ескере отырып академиялық жаттығу орталығын ашуды жөн деп санадық. Жоғарыда аталған дарынды спортшылар осы академияның базасында өздерінің спорт жолын жалғастыру мүмкіндігіне ие болады», – деді Самат Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Министрлік өкілінің айтуынша, академияда спортшылар жыл бойы тұрып, жетекші спорт мамандарының қолдауымен оқу-жаттығуын жалғастырады.

«Осылайша олар штаттық құрамадағы спортшыларға бәсекелес бола алады. Айта кететін жағдай, еліміздегі 17 өңірдің 14-де спорт мектеп-интернаты мен колледждер бар. Оған қоса республика деңгейінде 5 спорт мектебі жұмыс істеп тұр, оның үшеуі – Алматы қаласында. Оқу-жаттығу бағдарламалары бірдей болғандықтан, заңнамалық тұрғыдан бұл функциялар қайталанады», – дейді ол. Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде дамуына ерекше мән берілетін 15 спорт түрі анықталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!