Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында өткен тоғызқұмалақ желілік сайысында қызылордалық өрендер тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Бір алтын және бір қола медалін қанжығалаған шахматшылар командалық есепте екінші жыл қатарынан чемпион атанды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Назарбаев Зияткерлік мектебінің тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі Қырмызы Секина хабарлады.

«Біздің зияткерлік мектебіміз тоғызқұмалақ сайысынан төртінші рет бас жүлдеге ие болды. Жалпы еліміз бойынша 90-ға жуық оқушы қатысты. Мектептің намысын Жұлдызай Мұңайтбасова, Досымжан Райымбек, Азамат Алтынбеков және Жансая Досық қорғады. Сырбойылық зияткерлер еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 90 ойыншымен бірге жүлделі орындарға таласты. Нәтижесінде 10-12-сыныптар арасында оқушыларымыз олжалы болды», – деді жаттықтырушы Қ.Секина.

Жарыс PlayOk платформасында онлайн өтті. Сайыста топ жарған Жұлдызай Мұңайтпасова тоғызқұмалақты 8 жасында үйрен­ген.

– Тоғызқұмалақ логикалық ойлауымызды арттырып, математи­калық дағдыларымызды дамытады. Ойында жеңіске жетуде есептеу жылдамдығы ғана маңызды емес, дұрыс тактика қолдана білуде керек. Бірнеше рет турнир жеңімпазы атандым. Әр ойында өзімнің қабілетімді шыңдап, қарсыластарымнан да тәжірибе жинадым, – дейді Жұлдызай Мұнайтбасова.