Токио Олимпиадасының басталуына да санаулы уақыт қалды. Олимп жолдамасын қоржынға салғандардың дені дзюдошылар. Жапон спортын серік еткен сайыпқырандарымыз Олимпиада алдында Мажарстанға аттанбақ. Будапешт татамиінде балуандар әлем чемпионатының жүлдесін сарапқа салатын болады. Жаһандық жарыс алдында бас бапкер Ғалымжан Жылгелдиевке хабарласып, балуандардың бабын білген едік.

– Келесі айда Венгрияда әлем чемпионаты өтеді. Осы додаға баратын құрама анықталды ма? Қазір дайындық қалай жүріп жатыр?

– Әлем чемпионатына дайындық Алматыда өтеді. Будапештке баратын балуандар белгілі. 60 келіде Ғұсман Қырғызбаев, Мағжан Шамшадин, 66 келіде Елдос Жұмақанов, 73 келіде Жансай Смағұлов, Аңсарбек Ғайнуллин, 81 келіде Дидар Хамза, 90 келіде Ислам Бозбаев пен Ерсұлтан Мұзаппаров барады. 100 келіде ешкімді қоймадық. Оның себебі, бұл салмақта Олимпиадаға лицензия алатын ешқандай үміт жоқ. Аса ауыр салмақта яғни 100 келіден жоғары салмақта Ерасыл Қажыбаев күреседі.

– Сонда еліміздің басты үмітміз Елдос Сметов әлем чемпионатына бармайды ғой?

– Елдос қазірден бастап, Олимпиада ойындарына дайындалады. Сосын осындай шешім қабылдадық. Ол әлем чемпионатына бармайды. Тек қана Олимпиада ойындарына дайындық жүргізуі қажет. Жарақаты бар, соны емдеуі керек. Физикалық жаттығуларға көңіл бөлудеміз. Елдос әлемдік рейтингте үшінші орында тұр. Бірінші және екінші орын жапониялық балуандарға тиесілі. Олимпиадаға бір елден бір балуан қатысады. Сол жағынан қарасақ, Елдосты рейтингте екінші орын деп айтуға болады.

– Әлем чемпионатынан кейін рейтинг жабылады. Сол кезде Олимпиадаға кімдердің жолдама алатыны толық белгілі болады. Дегенмен өздеріңіздің болжамдарыңыз қандай? Қанша салмақта жолдама алуға шамамыз жетеді?

– Токио Олимпиадасына алты салмақта барсақ деген үмітіміз бар. 100 келіге дейін салмақта ешкім болмайды. Қалған салмақтардағы балуандарымыз Токио татамиінде күресіп жатса да, жаман емес. Әлем чемпионатынан кейін рейтинг жабылады. Нақты кімдердің жолдама алғанын сол кезде білеміз.

– Пандемияға байланысты былтыр жарыстар өтпеді. Бірақ қаңтар айында турнирлер қайта жалғасты. Дегенмен әлемдік додаларда жолымыз болмай жүр. Мұның себебі неде?

– Мен ресми түрде бұл қызметке желтоқсан айында кірістім. Жоспар бойынша, желтоқсанда Азия чемпионаты өтуі тиіс болатын. Бірақ ол дода кейінге шегерілді. Әйтпесе, қазан айынан бастап, бас бапкер болмай тұрып, осы жарысқа дайындалғанбыз. Бұл жағдай бізге қатты әсер етті. Оның себебін түсіндірейін. Өйткені Азия чемпионатында нәтиже көрсеткен балуандарға ұпай беріледі. Сол тұста Африка, Еуропадағы құрлық біріншіліктері өтіп жатты. Ол жақтың балуандары қаңтар айында Дохадағы «Мастерс» турниріне келіп, қалған қажетті ұпайларын жинап алды. Ал бізде Ерасыл Қажыбаев Дохаға бара алмай қалды. Егер желтоқсанда Азия чемпионаты өтіп, бір-екі балуанды жеңгенде ТОП-36 қатарына еніп, «Мастерс» турниріне қатысар еді. Катардағы жарыста көп ұпай үлестірілді. Жай ғана қатысудың өзіне 200 ұпай берді. Ол біздің спортшыларға маңызды еді. Рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартып алуға керемет мүмкіндік қой.

– Пандемияға байланысты былтыр жарыстар өтпеді. Бірақ қаңтар айында турнирлер қайта жалғасты. Дегенмен жарты жылдың ішіндегі нәтижені бағалайтын болсақ, балуандардың көрсеткіштері төмен. Мұның себебі неде?

– Пандемия кезінде жігіттердің көбісі босап қалды. Салмақтары артып, қайта қалыпқа келгенше көп уақыт өтті. Команданы Рио Олимпиадасынан кейін бірден алып дайындағанда, басқаша болар еді. Мен дәл уақыт жақындағанда жұмысқа кірістім. Уақыт жағынан тығыз. Соған қарамастан барынша қолдан келгенді істеп жатырмыз. Дохада, Тель-Авивте, Ташкентте әлемдік бәсекелер өтті. Соңғысында екі күміс алдық. Оның өзі біз үшін жақсы көрсеткіш. Гранд-слэм, Гран-при, Азия чемпионаты секілді жарыстардың барлығы – Олимпиада ойындарына іріктеу болып саналады. Бұл бәсекелерде ұпайлар берілді. Сондықтан бәсекелестік жоғары.

– Раков құрамадан кеткелі оның салмағы ойсырап тұр. Айбек Серікбаевтың тәжірибесі аз екенін жарыс сайын көрініп қалып жүр. Жалпы бұл жағы алда қалай болады?

– 100 келі салмақта Максим Раковтан кейін оның ізін басатын балуан болмай тұр. Максимнің өзі құрамамен бірге оқу-жаттығу жиындарында жүріп, білетін әдістерін жастарға көрсеткенде қандай керемет болар еді. Өзінің салмағына бір спортшыны қалдырып кеткенде, қазір мұндай мәселе туындамас па еді деп ойлаймын. Бірақ осы күні Макс бизнестің жолында жүр. Бәлкім сол кезде бапкерлер тартпады ма екен? Ол кезде мен болған емеспін. Сондықтан ол жағдайдан хабарым жоқ. Бұл салмақта биыл ешкім Олимпиадаға бара алмайды. Ешқандай үміт жоқ. Айбек Серікбаев жаттығуда аянып қалмайтын балуан. Айтқанымыздың барлығын істейді. Мүмкін Айбектің қатысқан жарыстары аз болып қалды ма? Бұрынғы бас бапкерлер Айбекті Максим Раковтың қасына қосып, осы салмақтағы тағы жас балуандарды бірге дайындағанда дұрыс еді. Тек бір ғана балуанды тасып жүргеннен нәтиже аз болады. Бір салмақта бірнеше балуан жүрсе, бәсекелестік туындайды.

– 10 жылдан бері жанкүйерлер Ислам Бозбаевтан үмітін үзген емес. Оның да жасы биыл 30-ға келді. Токио Олимпиадасы соңғы бір мүмкіндігі секілді көрінеді. Алайда соңғы жарты жылдағы күрес еш нәтиже бермеді. Үнемі маңызды сәтте оның жолы шидо кеседі. Жалпы Бозбаевқа төрешілер қарсы ма әлде расымен сылбыр күресіп жүріп ала ма?

– Бұл тақырыпты қозғағым келіп тұрған жоқ. Әйтпесе, айта аламын. Бас бапкер болып енді тағайындалсам да, құрамада бұрыннан бармын. Сондықтан балуандардың әлеуетін жобалап білемін. Өйткені көріп, қадағалап жүремін. Әр спортшының өз жеке бапкері бар. Мысалы, Ислам Бозбаевты Сергей Дмитренко жаттықтырады. Оның дайындығына сол жауапты, өзі қарайды. Кішкентайынан дайындаған, жағдайын басқалардан артық біледі. Құрамаға келгенде жоспарға сәйкес, оқу-жаттығу жиындары болады. Соған қатысады, Одан кейін жеке бапкері алып қалып, тактикалық дайындықтарын пысықтайды. Исламның нәтижесінің төмендеп кетуіне әр түрлі себептер бар деп ойлаймын. Кезінде жақсы күресті. Кейіннен босап қалды ма деп ойлаймын. Жарыс кезінде ескерту алып қалып жатқан сәттері де бар. Пандемия кезінде салмағы ауырлап кеткен. Сонымен алысып, көп уақытын салмағын қалыпқа келтірумен өткізіп алды. Салмағы өскен соң, адам ауырлайды.Ауырлаған адамның қозғалуы қиын. Сол себепті, сылбыр қимылдағаны үшін жарыста ескерту алады. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Диетаға мән беруде. Одан бөлек, психологиялық жағына да назар аударудамыз. Енді, Ислам 30-ға толады. Кішкентай бала емес. Өзі де жауапкершілікті түсінеді деп ойлаймын. Әр спортшы өзін қадағалуы тиіс. Спортқа кәсіби қарым-қатынас қажет.

– Елдос Сметовтен кейін құрамада үміт артатын балуан 73 келідегі Жансай Смағұлов болып тұр. Оның Ташкенттегі Гран-придің финалында жеңілісіне төрешілерді кінәлап жатқандар бар…

– Жансай техникалық тұрғыдан өте мықты. Өте шапшаң, осы күні шеберлігі артып келеді. Ташкенттегі Гран-придің финалына келетін болсақ, дзюдо күресінде аяқтан ұстауға болмайды. Бірақ ол жерде Жансай әдейі ұстайын деген жоқ. Әдіс жасағанда кезде автоматты түрде белден ұстаймын дегенде қолы аяғына тиіп кеткен секілді. Төрешілер сондай жағдайларды қарастыруы қажет. Әділетті болғандары дұрыс. Ереже бәріне бірдей, қол аяққа тиген соң, басқа амал жоқ.

– Жалғыз бұл емес, халықаралық жарыстарда төрешілердің біздің балуандарға әділетсіздік жасағанын жиі байқалып жүр. Сондай кезде шағым түсіру, шешімді өзгерту мүмкін бе? Федерация басшыларымен осы жөнінде сөйлесіп көрдіңіз бе?

– Дұрыс айтасыз, ондай сәттер жиі қайталанып жүр. Азия чемпионатының ширек финалында Елдос Сметовке де қиянат жасалды. Ұят нәрсе. Ондай төрешілікті ешқашан көрген емес. Елдос әлемдік деңгейдегі спортшы. Қырғыз мемлекетінде осындай жарыс өтіп жатыр екен деп, солай жергілікті балуанды сүйреуге болмайды. Бұл дзюдоға абырой әпермейтін әрекет. Ең болмаса, Елдоспен тең күресіп жатса бір жөн еді. Бірақ Сметов оны татамиде сүйреп жүр. Көзін бақырайтып қойып, Бішкекте әділетсіздік жасады. Кейде осындай жағдай орын алса, шағым түсіреміз. Алайда осы жолы ондай әрекетке бармадық. Өйткені елдің бәрі төрешіліктің қандай деңгейде болғанын көріп отырды.

– Бізде жасөспірім және жастар құрамасында жақсы нәтиже көрсеткен балуандар ересектер арасындағы жарыстарға қосылғанда тосылып қалады. Неліктен деп ойлайсыз?

– Жасөспірім, жастар арасында жүлделі болып жүрген спортшыларымыз бар. Солардың бәрін құрамаға жинап, оқу-жаттығу жиындарына шақыру керек. Олар дайын балалар. Жайдан-жай жасөспірім, жастар арасындағы әлем, Азия чемпионаттарынан жүлде алмайды ғой. Ересектер бәсекесіне қосылғанда бірден Қазақстан чемпионатында жүлдеге ілікпесе, тізімнен ысырып тастаған дұрыс емес. Баланың тағдырын бір жарыспен есептемеу керек. Әр түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Мұндай балаларды мүмкіндік беру қажет. Өйткені олардың «фундаменті» бар. Мысалы, төл шәкіртім Елдос Сметов жастар арасында да әлем чемпионы болды. Кейін ересектер арасындағы додаларды да ұтты. Елдосты осындай жетістікке жеткізу үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Үнемі ізденісте болдым. Қандай әдістер үйрену керек, физикалық жылдамдығын қалай күшейтуге болады соның бәрін ойластырдым. Сондықтан әрбір жас балуанға жеке-жеке көңіл бөлген дұрыс. Біреуінің қимылы жай болады дегендей. Бір сөзбен әр баланың көңілін тауып жұмыс істеу қажет, жарысқа шығар алдында психологиялық қолдау білдіруде маңызды.  

Бек Төлеу

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!