Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.
«Былтыр Digital Nomads қауымдастығын жинағанымыз естеріңізде болар. Осы уақыт ішінде біз Digital Nomads өкілдерімен бірге қазақстандық оқушылар мен студенттерге арнап, тұрақты дәрістер ұйымдастырдық, сондай-ақ спорттық бағдарламалауды қолдау бойынша жұмыстар жүргіздік. Елімізде өзіміздің спорттық бағдарламалау федерациясының құрылғанын қуана хабарлағым келіп отыр, ал маған оған жетекшілік ету мәртебесі бұйырды», – деп жазды министр.
Сондай-ақ ол спорттық бағдарламалаудың әлеуеті зор интеллектуалды спорт түрі екенін еске салады.
«Мұнда жасөспірімдер математикалық алгоритмдік есептерді бағдарламалау тілдерін қолдана отырып шешеді. Қазақстандық оқушылар мен студенттер IOI және ICPC сияқты халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Федерацияны құра отырып, біз халық арасында спорттық бағдарламалауды дамыту мен насихаттау жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ осы бағытта түрлі жарыстарға қатысатын жастардың нәтижелерін одан әрі жақсартуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, Федерация ұлттық және халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады, білім беру мекемелерінде экожүйені дамытады және спорттық бағдарламашыларды даярлау әдістемесін әзірлейді», – дейді Бағдат Мусин.
Салада тағы бір жағымды жаңалық бар. Жақында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мемлекет қаржыландыратын спорт түрлеріне тоғызқұмалақ пен асық атуды қосуды ұсынғанын да айту керек.
«Ұлттық спортты дамыту міндеті тұр. Бүгінгі күні еліміздің 500 мыңнан аса азаматы ұлттық спорт түрлерімен айналысады. Ол өте жақсы. Бірақ, оны ары қарай дамыту керек. Дәстүрлі спортты балалар арасында дәріптеп, ұрпағымызға дұрыс тәрбие беру міндеті күн тәртібінде. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонент қолданысқа енгізілді. Қазақ күресі мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында қаржыландырылатын спорт секцияларының қатарына қосылды. Мемлекеттік спорттық қаржы­ландырылатын спорт түрлерінің қатарына тоғыз құмалақ пен асық атуды қосу ұсыныстары да түсіп жатыр. Министрлікке мұны да қарауды сұраймыз», – деді Алтай Көлгінов.
Оның атап өтуінше, ұлттық спорт саласында Қазақстанның әлеуеті зор.
«Түркияда өткен төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жақсы нәтиже көрсетіп, 9 жүлдеге қол жеткізілді. Келесі бесінші көшпенділер ойындары 2024 жылы Қазақстанда өтеді. Соған қазірден дайындалу керек. Федерацияға көмек көрсетеміз», – деді вице-премьер.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!