Зияткерлік мектептер арасында өткен волейболдан желілік спартакиадада Қызылордадағы NIS-тің оқушылары Аружан Мырзабекова «Үздік қорғаушы» және Алихан Байменов «Үздік шабуылшы» номинацияларын жеңіп алды.
Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS пен халықаралық бакалавриат мектебінде өткен волейболдан желілік спартакиаданың ақтық кезеңіне Қызылорда, Ақтау, Өскемен, Ақтөбе, Тараз, Павлодар, Атыраудан 130-ға жуық жас спортшы жиналды. Екі күндік додада қатысушы командалар өзара сайысқа түсіп, тартысты ойын өрнегін көрсете білді.

– Біздің спартакиадалар спортқа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, командалық рухты қалыптастырып, мектептерді біріктіреді, NIS бауырластығын нығайтады, – деп атап өтті Зияткерлік мектептерді дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.

Желілік спартакиада нәтижесі бойынша ұлдар арасында елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары алтын медаль иегерлері атанса, екінші орын тараздық волейболшыларға бұйырды, үшінші орынға астаналық халықаралық бакалавриат мектебінің ойыншылары жайғасты.

Ал қыздар ойынында елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды Алматыдағы химия-биологиялық бағыттағы NIS арулары иеленсе, үшінші орынға өскемендік оқушылар тұрақтады.

Бірнеше номинациялар бойынша спартакиаданың үздік ойыншылары анықталды. Олардың қатарында қызылордалық Аружан Мырзабекова «Үздік қорғаушы» және Алихан Байменов «Үздік шабуылшы» деп танылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!