Спортшылардың әл ауқатын жариялайтын әйгілі Forbes журналы жуырда жаңа тізімді ұсынды. Нақтырақ айтсақ, материалдық тұрғыдан ең көп олжаға кенелген спортшылардың рейтингі шықты. Әдетте үздіктер тізімінің алдыңғы легінен футболшылар мен теннисшілерді немесе гольфшылар мен кәсіпқой боксшыларды көретін едік. Бұл жолы олай болмады. Журналдың есебі бойынша бай-қуаттылар көшін атышулы ирландиялық аралас жекпе-жек шебері Конор Макгрегор бастап тұр.

Бір қызығы,  спортшы былтыр небәрі екі кездесу өткізіп, өзінің сыралғы қарсыласы – америкалық Дастин Порьеден техникалық нокаутпен ұтылды. Октагонда бар-жоғы 752 секунд айқасты. Соның өзі байлыққа белшеден бату үшін жеткілікті болды. Ирландия өкілінің таза спорттағы табысы 22 миллион доллар құраса, жарнамадан түскен кіріс – 158 миллион доллар. Барлығы – 180 миллион доллар. Үлкен өмірін сантехник болып бастаған қарапайым жұмысшы қазіргі кезде үлде мен бүлдеге оранып отыр. Не ішемін, не жеймін демейді. Керісінше, ақшасын қайда жұмсарын білмей, түрлі брендтер ойлап табуда. Конор осының барлығына өзінің еңбегі мен табандылығы, ептілігі мен іскерлігінің арқасында қол жеткізді.

Бай-қуатты спортшылардың тізімінде екінші және үшінші орындарды әлемдік футболдың шоқжұлдыздары – Лионель Месси мен Криштиану Роналду өзара бөлісуде. Аргентинаның мақтанышы 130 миллион (еңбекақы мен сыйақы – 97 млн доллар+жарнама – 33 млн доллар) табыс тапса, португалиялық сұрмергеннің кірісі – 120 млн доллар (70 млн доллар+50 млн доллар). Сондай-ақ «ТОП-10» спортшының қатарында америкалық футбол өкілдері Дак Прескотт (107,5 млн доллар) пен Том Брэди (76 млн доллар), баскетбол­шылар Джеймс Леброн (96,5 млн доллар) мен Кевин Дюрант (75 млн доллар), фут­болшы Неймар (95 млн доллар), теннисші Род­жер Фе­де­рер (90 млн доллар) және «Фор­мула-1» спортының серкесі Льюис Хэмилтон (82 млн доллар) сынды спортшылар бар.

Forbes ең көп табыс тапқан әйелдердің де есімін жария етті. Бұл тізімге мына спортшылар енді: Наоми Осака (теннис) – 57,3 млн доллар, Серена Уильямс (теннис) – 45,9 млн доллар, Винус Уильямс (теннис) – 11,3 млн дол¬лар, Симона Байлз (спорттық гимнастика) – 10,1 млн дол­лар, Гарбинье Мугуруса (теннис) – 8,8 млн доллар, Ко Джин Янг (гольф) – 7,5 млн доллар, Пусарла Венката Синдху (бадминтон) – 7,2 млн доллар, Эшли Барти (теннис) – 6,9 млн доллар, Нелли Корда (гольф) – 6,2 млн доллар және Кэндис Паркер (баскетбол) – 5,7 млн доллар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!