Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның намысын қорғап жүрген тағы бір теннисші Юлия Путинцева (WTA рейтингінде 30-орын) Париждегі Олимпиада ойындарында өнер көрсете алмайды, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Путинцева Парижге ұшып барып, ойындарға белсенді дайындық жүргізді. Федерация украиналық Марта Костюкпен ойын алдындағы дайындық кезінд теннисші тізесінің қатты ауырғанын сезді деп отыр.

«Қысқа медициналық тексеруден кейін матчтан бас тарту туралы шешім қабылданды.  Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Уимблдонда әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті жеңген матчтан кейін Юлия тізесінің ауырып жатқанын айтқан болатын. Соған қарамастан, ол Олимпиадаға дайындалып, барлық қажетті оңалту шараларынан өтті», – делінген теннис федерациясының жауабында.

Федерациясының вице-президенті Диас Досқараев осы жағдайға байланысты пікір білдірді.

«Париждегі Олимпиаданың басталуы біз үшін нағыз сынақ болды. Күні кеше Елена Рыбакина сырқатына байланысты жарыстан шығып қалса, бүгін біздің командадан жарақатына байланысты Юлия Путинцева ойындарға қатыса алмайтын болды. Екі спортшының да өнеріне үлкен үміт арттық. Елена да, Юлия да Олимпиадада өнер көрсете алмағандарына қынжылады. Біз жанкүйерлерге өтініш білдіріп, осындай қиын кезеңде барлық ойыншыларымызға қолдау көрсетулерін сұраймыз. Қиындықтарға қарамастан жаңа жеңістерге ұмтылатын боламыз», – дейді Диас Досқараев.

Айта кетейік, Қазақстанға Ресейден келген теннисшілер бірінен соң бірі Олимпиадаға қатысудан бас тартып жатыр. Бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да Парижге келмей қалған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!