Тақта үстіндегі таңғажайып ойынның елімізде көкжиегі кең. Динара Садуақасова, Жансая Әбдімәлік, Әсел Серікбай, Назерке Нұрғали сынды шахматшылар әлем бәсекесінде ел намысын абыроймен қорғап жүр. Мұның қатары тағы бір жүйрікпен толықты. Панама астанасында мектеп оқушылары арасында шахматтан әлем чемпионаты өтіп, жеті жастағы Малика Зиядин чемпион атанды.

Жансая Әбдімәліктің Шахмат академиясында білім алып жатқан жас шахматшы бірден екі атаққа ие болды. Бірі  чемпион және жеті жасқа дейінгі жас санатында шахматтан әлем чемпионы. Бұл – қазақстандық шахмат тарихындағы алғашқы жағдай.

Турнирге барлығы 36 жас шахматшы қатысып, әр спортшы тоғыз партияны орындады. Чемпионаттың қорытындысы бойынша Малика барлық партияларды жеңіп, ең көп ұпай жинады.

«Маликаның жеңісі – бұрын-соңды болмаған оқиға, өйткені Қазақстан тарихында мұндай болған жоқ. Маликаны, ата-аналар мен жаттық­тырушыларды осындай керемет жетістікпен құттықтағым келеді. Отан­дастарымыз­дың әрбір жеңісі мен үшін шахматты одан әрі дамытуға және жастарды халық­аралық деңгейге шығаруға ынталанды­рады, өйткені бұл үшін зор әлеует бар»,  – деді Қазақстандық шахматшы және халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік.

Жарыс екі секцияда (ұлдар мен қыздар) және алты жас санатында өткізілді. Чемпионатқа барлығы 600-ге жуық шахматшы қатысты.

«Қазақстан шахмат федерациясы жыл сайын елімізде шахматты дамыту үшін барлық күш-жігерін салуда және Маликаның жеңісі бұған мысал бола алады. Мен өскелең ұрпақты мақтан тұтамын және Қазақстан шахмат федерациясының президенті ретінде спорттың осы түрін дамыту және көпшілікке насихаттау үшін кез келген бастаманы қолдауға дайынмын», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Хусаинов.

ФИДЕ-нің ең жас чемпионы атанған Малика Зиядинді ел Президенті де құттықтап, алғысын жеткізді.

«Жеті жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында өткен сайыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, екі бірдей атақты иеленуің – Қазақстанның шахмат тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік. Сен тума талантың мен жеңіске деген ерік-жігеріңнің арқасында осындай биік белесті бағындырдың. Өзің ізін басып келе жатқан қазақстандық шахмат шеберлерінің даңқты жолын лайықты жалғастыра­тыныңа кәміл сенемін, – деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!