Қарағанды қаласында теннистен 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors G4 сериясы бойынша екі халықаралық турнир өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Ұлттық теннис орталығы корттарында 31 қаңтар – 5 ақпан және 7-12 ақпан аралығында бозбалалар мен қыздар арасында қос дода жекелей, сондай-ақ жұптық сында болмақшы. Жекелей сында Қазақстаннан Ислам Орынбасар, Ерасыл Ерділда, Кирилл Колганов, Илья Ведмедь, Данир Қалдыбеков, Ілияс Маратұлы, Олег Гусаков, Александр Черномаз, Арысланбек Айтқұлов, Әмір Омарханов, Виталий Зацепин, Жанель Рүстемова, апалы-сіңлілі Арыстанбековалар, Айя Нұпбай, Дариға Рүстемова, Іңкәр Дүйсебай және басқалары өнер көрсетеді. Бұл екі турнир – олардың шеберлігін шыңдап, жоғары нәтижеге қол жеткізуі үшін үлкен мүмкіндік. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Мастерс чемпиондық рейтингісінде бір ай бойы көш басында келе жатқанын, Аустралия ашық чемпионатында Анна Данилинаның жұптық сында финалға шыққанын жазған болатынбыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!