Футболдан Қазақстан біріншілігінің жаңа маусым шымылдығы суперкубок ойынымен ашылды. Қазақстан Суперкубогі үшін болған шешуші матчта «Қайрат» пен «Тобыл» командалары кездесті. «Астана Аренада» өткен матч 2:1 есебімен қостанайлық клубтың пайдасына аяқталды.

Ойынның 30-минутында Серікжан Мужиков пенальтиді сәтті орындап, қостанайлық клубты алға шығарды. Тоғыз минуттан кейін «Қайрат» шабуылшысы Жоао Пауло алыс бұрышты дәл көздеп, ғаламат гол соқты. Кездесудің екінші бөлігінде бас төреші Данияр Сахи «Тобыл» қақпасына пенальти белгілеп еді, дегенмен Рикардо Алвеш бұл мүмкіндікті мүлт жіберді. Ал 80-минутта алаңға шыққан Айбар Жақсылықов үш минуттан кейін жеңісті голды соқты. Бұл жолы нәтижелі пасты Серікжан Мужиков өз атына жазды.

Осылайша, қостанайлық «Тобыл» Қазақстан Суперкубогін екінші жыл қатарынан жеңіп алды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!