Командалар алдағы маусымға дайындалып жатқанда, агенттер трансфер нарығында белсенді түрде жұмыс істеуде. Кейбір сыбыстар қазірдің өзінде шындыққа айналуда, ал қалған трансферлер жақын арада жүзеге асуы мүмкін. Ендеше назарларыңызға соңғы трансферлік жаңалықтарды ұсынамыз.

Англия

Goal басылымының хабарлауынша, “Манчестер Сити” басшылығы шабуылшы Рахим Стерлингті сатуды жоспарлап отыр. Дереккөздер команданың бас бапкері Хосеп Гвардиола шабуыл шебін жаңартқысы келеді. Рахимнің “Манчестер Ситимен” келісімшарты 2023 жылдың жазына дейін есептелгендіктен 100 миллион еуроға бағалануда.

Журналист Николо Скира өзінің твиттер парақшасында “Манчестер Юнайтед” басшылығы “Реал Мадридтің” қорғаушысы Рафаэль Варанмен жеке келісімшарт талаптары бойынша бір мәмілеге келді деп хабарлады. Келісім-шарт 2026 жылдың жазына дейін жасалады, ал ойыншының жалақысы жылына 12 миллион еуроны құрайды. Қазір МЮ Варанның трансферлік құны туралы “Реалмен” келіссөздер жүргізіп жатыр. “Қызыл сойқандар” Флорентино Переске қорғаушы үшін 50 миллион еуро ұсынуға дайын, бірақ мадридтік клуб кем дегенде 60 миллион алғысы келеді.

Sky Sports порталының мәліметінше, “Тоттенхэмнің” бас бапкері Нуну Эшпириту Санту шабуылшы Гарри Кейнді жібергісі келмейді. Соңғы кездері Англия капитанының командадан кетуіне байланысты ақпарат көп тарала бастады. “Гарри – біздің футболшы. Сондықтан мұнда артық әңгіменің қажеті жоқ. Еуро-2020-дан кейін Кейнге демалып, жаттығуға қайта оралу керек. Гарри – өз ісінің шебері, сондықтан оны жіберу ақымақтық болар еді”, – деді португалиялық маман. Ал Кейннің өзі басшылықтың бұл ұстанымымен келіспейді және егер клуб басшылығы “Манчестер Ситиге” жібермесе, жаттығуларға келмеуі мүмкін.

ЕSPN-нің хабарлауынша, “Лионның” жартылай қорғаушысы Уссем Ауар Премьер-лига клубтарының біріне ауысуға жақын. “Ливерпуль”, “Тоттенхэм” және “Манчестер Юнайтед” жартылай қорғаушыға қызығушылық танытуда.

“Ливерпуль” өзінің твиттер парақшасында Польшаның жас футболшысы Матеуш Мусяловскиймен келісім-шарт жасасқаны туралы ақпарат жариялады. Бұл жас ойыншы үшін алғашқы кәсіби келісім-шарт болып табылады. Қазір футболшы “Ливерпуль” академиясындағы ең дарынды футболшы болып саналады. Англиялық БАҚ өкілдері Мусяловскийді Мессидің ізбасары ретінде бағалады.

“Брайтон” Кьелл Схерпенмен келісім-шартқа отырды. Трансфердің қаржылық мәліметтері айтылған жоқ, бірақ 21 жастағы Нидерланды U21 қақпашысының құны 2,8 миллион еуроны құрайды.

Испания

“Тоттенхэм” шабуылшысы Гарет Бэйл жаңа маусымды лондондық клубта бастамайды. Команданың жаңа бас бапкері Нуну Эшпириту Санту Бэйлдің болашағы туралы әңгіме қозғады. “Осы маусымда Бэйл біздің командада ойнамайды. Ол Мадридке қайта оралады”, – деді Санту.

Mundo Deportivo хабарлағандай, “Барселона” осы жазда құрамды тазартуды жоспарлап отыр. Каталондық клуб жалақы бюджетін азайту үшін кем дегенде үш ойыншыны сатпақ. Миралем Пьянич, Самуэль Умтити және Мартин Брэйтуэйт осы саясаттың құрбаны болуы мүмкін.

“Барселона” мен “Атлетико” Антуан Гризманнды Сауль Ньигеске алмастыру туралы келіссөздерді жалғастыруда, бірақ әлі келісімге келе алмады. Бұл туралы журналист Фабрицио Романо мәлімдеді.

ИТАЛИЯ

“Ювентус” жаңа шабуылшы алу туралы нақты шешім қабылдады. Footmercato-ның мәліметіне сенсек, Мауро Икарди осы жазда Апеннин түбегіне қайта оралуы мүмкін. Туриндік клуб бірнеше рет аргентиналықты сатып алуға тырысты, ал қазір олар нақты мүмкіндікке ие болды. Икарди ПСЖ-дағы ойын уақытының аздығына наразы, сондықтан ол “қарт синьораның” ұсынысын қарастыруға дайын. Дереккөздің хабарлауынша, Икарди “Ювентустың” бапкері Массимилиано Аллегримен кездескен. 28 жастағы шабуылшының трансферлік құны 40 миллион еуроны құрайды.

Calciomercato порталының хабарлауынша, “Ювентус” басшылығы “Барселонаның” жартылай қорғаушысы Миралем Пьяничті қайтарғысы келеді. Олар ойыншыны сатып алмай, оның орнына Аарон Рэмзиді беруге дайын.

Николо Скира “Ювентус” 27 жастағы шабуылшы Пауло Дибаламен келісім-шартты жаңартатынын жазды. Тараптар шілденің соңында келіссөздер жүргізеді. Клуб аргентиналық футболшыға 2025 жылға дейін жарамды келісім-шарт ұсынады. Паулоның өзі туриндік клубта қалуға қарсы емес және команда капитаны болуды армандайды

Германия

Дортмундтық “Боруссия” клубының жұлдызды шабуылшысы, Еуропаның көптеген үздік клубтары көз тіккен Эрлинг Холанд өзінің болашағына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді. “Stadium Astro” газетіне берген сұхбатында Холанд команданың жаңа жаттықтырушысы Марко Роземен жұмыс істегісі келетінін айтып, Дортмундта қалатынын меңзеді.

“Вольфсбург” ресми сайтында “Кельннің” орталық қорғаушысы Себастьян Борнауды қатарға қосқанын хабарлады. “Қасқырлар” 22 жастағы қорғаушы үшін 13,5 миллион еуро төледі. Тараптар 2026 жылдың жазына дейін келісім-шартқа отырды.

Франция

AS басылымының хабарлауынша, ПСЖ шабуылшысы Килиан Мбаппе мансабын “Реалда” жалғастырғысы келеді және ойыншы мадридтік клубтың басшылығынан ұсыныс күтеді. Мбаппе корольдік клуб ПСЖ-ға біраз қысым жасауы керек деп санайды.

Никола Скираның айтуынша, “Рома” қақпашысы Робин Ольсен “Лилльге” ауысады. Футболшының француз клубымен келісім-шарты 2024 жылға дейін есептелген. Трансфер сомасы шамамен 5 миллион еуроны құрайды.

Il Messaggero-нің хабарлауынша, ПСЖ әлі күнге дейін “Лационың” жартылай қорғаушысы Хоакин Корреаны сатып алғысы келеді. Дереккөздің хабарлауынша, париждік клуб жартылай қорғаушы үшін 18 миллион еуро мен бонус ретінде 4 миллион, сондай-ақ Пабло Сарабияны ұсынуға дайын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!