Әрбір спортта көрсеткіш маңызды екені анық. Жуыр­да шетелдік танымал Sportskeeda.com порталы аралас жекпе-жектегі көрсеткішті жаңартты. Соған сәйкес, UFC ұйымында жоғары нә­тиже көрсетіп жүрген ше­бер­лерді қайта тізім­деге­ні бар. Бұл жолы айқас­та­рын айқын жеңіспен аяқ­таған спортшылардың рей­тин­гінде жартылай орта сал­мақ­та күш сынасып жүрген қазақтың қайсар ұлы Шавқат Рахмонов еніпті.

Көршілес Өзбекстан мемлекетінде дүниеге келген 27 жастағы Рахмонов аталған рейтингте екінші орында тұр. Ол өзінің тоғыз қарсыласын бірінші раундта есінен тандырса, бесеуін екінші кезеңде ойсырата ұтты. Тек осыдан төрт жыл бұрын Астанада өткен жарыста өзбекстандық Фаридун Одиловтың ғана біраз уақыт бойы Шавқаттың екпінді шабуылына тойтарыс беруге шамасы жетті. Бірақ үшінші раунд бел ортаға таяғанда қазақ спортшысы оны ұрып жығып, өзін дәлелдей алған еді.
Қазіргі кезде қандасымыз өз салмағы бойынша UFC-рейтингінде үздік 10 спортшының қатарында. Ол осы промоушендегі төр кездесуінде де қарсыластарын бас көтертпей ұтты. Өткен жылдың маусым айында жерлесіміз үздіктер тізімінде 10-сатыға жайғасқан америкалық Нил Мэгнимен айқасты. АҚШ-тың мықты спортшысын жеңген Шавқат Рахмонов рейтингте қарсыласының орнына жайғасты.
Жоғарыда аталған рейтингте Том Аспиналл көш бастап келеді. 28 жастағы Ұлыбритания өкілі осы спорт түрін серік еткелі сегіз жылға жуықтады. Сол аралықта 14 мәрте октагонға шығып, 12 бәсекеде оның мерейі үстем болды. Том UFC-дегі барлық бес кездесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Ол Джейк Колье, Алан Будо, Андрей Орловский, Сергей Спивак және Александр Волков сынды саңлақтардың тас-талқанын шығарды. Алыптардың рейтингінде Аспиналл алтыншы орынды еншілеуде.
Үшінші орынды ОАР өкілі Дрикус дю Плесси иеленсе, шотландиялық Пол Крэйг пен испаниялық Хоэль Альварес төртінші және бесінші сатыларға табан тіреді. Бұл жігіттердің барлығының спорттық карьерасында жеңілістер болғанымен, UFC жарыстарында олар ешкімге есе жіберген емес.
Қазақ спортшысы үшін ендігі белес – жауынгер Джефф Нилді ұту. 4 наурызда Шавқат Лас-Вегаста өтетін UFC-285 турниріне қатысады. Онда ол америкалық файтер Джефф Нилмен сегізбұрышта кездесіп, мықтыны анықтайтын болады. Бастапқыда жекпе-жек 14 қаңтарда өтуі керек еді, бірақ америкалық жарақат алып қалды.
Қазіргі таңда Шавқат Рахмонов қызу дайындық жұмысына кірісіп, үздіксіз жаттығу үстінде. Тіпті, жуырда Instagram парақшасында АҚШ-тағы оқу-жаттығу барысындағы фотосуретпен де бөліскен. Бұл жолы Рахмонов жаттығуды шетелдік мамандармен емес, қазақстандық спортшылармен өткізуді жөн көркенге ұқсайды. Әлеуметтік желідегі фотосуреттен Шавкаттың танымал қазақстандық спортшы Асу Алмабаев­пен түскен суреті кең тарады. Алмабаев – жақын арада UFC-дегі алғашқы қадамын жасайтын қазақстандық спортшы. Оның Шавқатпен бірге дайындалуы алдағы жауапты кезеңнен хабар беретіндей. Көбі отандық спортшылардың бірлесе жұмыс істегенін қолдап, сәттілік тілеуде.
Шавқаттан күтер үміт мол. Әсіресе, спортсүйер қауым оның шведтік Хамзат Чимаевпен жекпе-жегін асыға күтеді. Себебі, қос спортшы өз саласында танымал әрі кәсіби деңгейі шамалас. 2022 жылдың сәуірінде Чимаев пен Рахмонов арасында жанжал туындаған еді. Бастапқыда отандасымыз танымал файтердің қарым-қабілетіне көңілі толмайтынын мәлімдеген болатын. Кейін Чимаев Рахмоновты «ақымақ» деп атағаны есте.
Жалпы Шавқаттың техникалық мүмкіндігі мен тәжірибесі UFC үздіктері қатарындағы орнын салмақтау түсуде. Спортшының өзі алдағы 1-2 жылда чемпиондық атаққа қол жеткізу туралы мақсат қойған. Демек, жуырда UFC-дегі алғашқы әлем чемпионын көруіміз ғажап емес.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!